ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов жұмыс сапары аясында Денисов ауданына барды. Глебов ауылында су тарату желілерінің құрылысымен танысты.
Қазіргі уақытта құрылыс аяқталуға таяды. Нысан қыркүйек айының аяғына қарай қолданысқа берілмек. Резервуар және магистраль орнатылды. Ауыз су тарату желілері ауыл ішіне дейін тартылған. Бүгінде 115 үйге су келіп тұр. Ендігісі қалған 40 үйге айдың соңына дейін су кіргізу жұмыстары қалып отыр.
Мұнда 1968 жылы салынған су құбыры бар-тын. Ол уақыт өте ескіріп, құбырларын тот басып, тесіліп, іске жарамсыз болып қалды. Соңғы 15 жылдан бері тұрғындар ауыз суды 90 жер асты ұңғымасы мен 3 құдықтан алып, пайдаланып келді. Тұщы суға шөліркеген ауылдастар жаңа нысанның тезірек іске қосылғанын тағатсыздана күтуде.
- Тарату желілерін енді орната бастағанда біз құрылыс алаңында болдық. Ауыл тұрғындарымен кездескен сәтімізде жобаның уақытында аяқталып, іске қосылғанға дейін назарда ұстайтынымды айтқанмын. Мердігер өз сөзінде тұрды. Қыркүйек айының соңына дейін барлық үйге су кіргіземіз деп отыр,- деді Қуандық Қажкенов.
Қостанай облысы бойынша мемлекетке прокуратура органдарымен қайтарылған активтер есебінен 25 әлеуметтік жоба іске асырылуда. Соның бірі Денисов ауданының Глебов ауылында салынып жатқан су тарату желілерінің жобасы. Нысанды салуға облыстық және республикалық бюджет есебінен 1 млрд 97 млн теңге бөлінген. Соның 375 млн теңгесі қайтарылған активтер есебінен бағытталды. Мердігер ұйым «Костанайсельхозводопроводстрой» ЖШС биылғы мамыр айында іске кірісіп, құрылысты мерзіміне сәйкес жүргізуде.
Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов шаруаны шашау шығармай атқарған қостанайлық мердігердің кейсін басқа өңірлерге үлгі ретінде қолдану керегін айтып қалды.