Қазақстанда тұрғын үй және өзге де құрылыс түрлерінің дамуы құрылыс материалдары өндірісінің өсуіне ықпал етуде. Соның ішінде алюминий профильдерін өндіру айрықша өсім көрсетіп отыр. Олар терезе мен есік рамаларын, қасбеттік жүйелерді және балкондарға арналған тірек құрылымдарын жасауға кеңінен қолданылады.
Қазіргі уақытта республикада алюминий профильдерін алты кәсіпорын шығарады, олардың жиынтық өндірістік қуаттылығы шамамен 42 мың тоннаны құрайды.
Солардың бірі – 2023 жылдың желтоқсанында іске қосылған астаналық «MetalFormer» кәсіпорны. «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағында орналасқан зауыт жылына 7,2 мың тоннаға дейін алюминий профильдерін, шамамен 2 млн шаршы метр қасбеттік және қаптау материалдарын және 1,5 млн шаршы метрге жуық шатыр жабындарын өндіре алады.
Биыл зауыт басшылығы Түркияда өндірілген екі көпірлі кран сатып алу туралы шешім қабылдады. Бұл жабдық дайын өнім салынған жәшіктерді, құрал-жабдықтарды және ауыр дайындамаларды тасымалдау үшін қажет. Әр кранның жүк көтергіштігі – 10 тоннаға дейін жетеді.
«Жаңа жабдық кәсіпорынға 60,5 миллион теңгеге түсті. Іскерлік ортада жүріп, кәсіпорындар технологиялық жабдық сатып алуға және өзге де бірқатар бағыттар бойынша жұмсалған шығындарының бір бөлігін өтей алатынын білдік. Осыған байланысты біз «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығына жүгіндік. Мамандардан тиісті кеңес алып, біз онлайн форматта өтінім бердік. Отандық кәсіпорындар өндірісті жаңғырту мен цифрландырудан бастап, шетелдік сарапшыларды тарту және өнімді сертификаттауға дейінгі шығындарының 40-50 пайызына дейін өтей алады екен. Біз үшін бұл жағымды жаңалық болды. Себебі кәсіпорындарға, әсіресе біз сияқты жас компанияларға қаржылай қолдау өте маңызды», – атап өтті «MetalFormer» ЖШС өндірістік директоры Әділет Беркінбаев.
QazIndustry кәсіпорынға құны 24,2 млн теңгені құрайтын көпірлі крандардың 40%-ын өтеп берді. Бұл қолдау зауыт үшін тиімді болды, себебі кәсіпорын импортты алмастыратын өндіріс құруға бағытталған және осы мақсатқа жету үшін кезең-кезеңімен дамуға әрі инвестиция тартуға мүдделі.
Жаңа жабдық зауыт жұмысына оң әсерін тигізіп, дайындамаларды өндірістік желілерге жүктеу, дайын материалдарды тасымалдау, қаптау және өнімді көлікке тиеу үдерістерін жеңілдетіп әрі жеделдетті.
Қазақстанда мемлекеттік бизнесті ынталандыру мүмкіндіктері туралы білетін кәсіпорындар саны артып келеді. «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы арқылы өңдеу өнеркәсібіндегі субъектілер (шағын және орта бизнес) еңбек өнімділігін арттыруға және өнімді ішкі нарыққа ілгерілетуге бағытталған шығындарының 40–50%-ын өтеуге мүмкіндік алады. Бұл қолдау шарасын бірнеше рет пайдалануға болады. Биылғы жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша QazIndustry 1,2 млрд теңгеден астам сомаға кәсіпорындардың шығындарын өтеді.
Мәселен, кәсіпорындар инженерлік-техникалық және өндірістік персоналды, оның ішінде топ-менеджерлерді Қазақстанда және шетелде оқытуға, сондай-ақ шетелдік мамандарды тартуға кеткен шығындарын өтей алады. Бұл жағдайда өтемақы мөлшері шығындардың 40%-ын құрайды, бірақ 5 млн теңгеден аспайды. Сонымен қатар кәсіпорындар технологиялық жабдық сатып алуға жұмсаған шығындарын өтете алады Бұл бағыт бойынша 40%-ға дейін, бірақ 60 млн теңгеден аспайтын шығындарын өтей алады. Дәл осы мүмкіндікті «MetalFormer» компаниясы сәтті пайдаланып отыр.