ҚР Өнеркәсіп комитетінің төрағасы Азамат Панбаев Қытайдың «Xiamen C&D Group» компаниясының өкілдерімен кездесті.
Іс-шараның негізгі мақсаты байланыс орнату және Қазақстанда кабель зауытын салу жобасын іске асыру мүмкіндіктерін талқылау болды.
Азамат Панбаев, министрліктің бірлескен жобаларды іске асыру бойынша ынтымақтастыққа ашық екенін атап өтіп, сондай-ақ әлеуетті инвесторларды кабель саласының қазіргі жағдайымен және ел аумағында жобаларды жүзеге асыру барысында берілетін преференциялар мен жеңілдіктер шараларымен таныстырды.
«Xiamen C&D Group» компаниясының өкілдері кездесуге оң бағасын беріп, оның өте нәтижелі әрі қызықты өткенін атап өтті. Келіссөздердің қорытындысы бойынша тараптар өзара сындарлы диалог үшін ризашылықтарын білдіріп, екіжақты қатынастарды дамытудың маңыздылығын ерекше атап көрсетті.
Айта кету керек, «Xiamen C&D Group» — көтерме сауда, логистика, инвестициялар, жылжымайтын мүлік, іскерлік туризм және қонақ үй бизнесі салаларында маманданған қытайлық мемлекеттік компания. 1980 жылы негізі қаланған бұл компания 2024 жылы Fortune Global 500 рейтингінде 85-орынды иеленіп, жылдық операциялық табысы 95 млрд АҚШ долларынан асып, 64 мыңнан астам қызметкерді жұмыспен қамтып отыр.