Қазақстан индустрияландыру мен құрылыс саласының цифрлық трансформациясын жеделдете түседі: Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Президент тапсырмаларын орындауға кірісті

Қазақстан индустрияландыру мен құрылыс саласының цифрлық трансформациясын жеделдете түседі: Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Президент тапсырмаларын орындауға кірісті

9 қыркүйек 2025, Астана. Бүгін Үкімет отырысында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жыл сайынғы Жолдауында берген тапсырмаларын орындауға бағытталған нақты қадамдарды баяндады.

Индустрияландыру және сирек жер металдар

 Министрлік арнайы экономикалық аймақтарды (АЭА) дамытуға күш салып жатыр. Бүгінде бюджеттен бөлінген әрбір теңгеге шамамен 8 теңге жеке инвестиция тартылады, ал 1,4 теңге қазынаға салық түрінде қайтарылады. АЭА іске қосылғалы бері жалпы құны 10 трлн теңгеге жуық 532 жоба жүзеге асырылса, оның 85-і  шетелдік инвесторлардың қатысуымен іске асқан. Тікелей шетелдік инвестициялар көлемі шамамен 800 млрд теңгеге жетті.

«Әрбір арнайы экономикалық аймақ инвестиция, жұмыс орындары мен технология түрінде нақты қайтарым әкелуі тиіс. Ол үшін біз инвесторларға қойылатын талаптарды күшейтеміз және басқаруға жетекші халықаралық компанияларды тартамыз», — атап өтті Ерсайын Нағаспаев.

Тағы бір басым міндет — сирек жер металдарын және басқа да маңызды материалдарды қайта өңдеу бойынша кемінде үш ірі жобаны іске асыру. Бұл ретте төрт бағыт айқындалды, олар: батареялық материалдар, жартылай өткізгіш материалдар өндірісі, турбиналарға арналған ыстыққа төзімді қорытпалар және тұрақты магниттерді қайта өңдеу. Бүгінде бұл ретте ЕО, АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея және Қытаймен стратегиялық әріптестік туралы келісімдерге қол қойылды.

Нақты жобалардың қатарында — жылына 15 тонна галлий өндірісі, марганецтің таза сульфатын шығару (Taza Metal Technologies жобасы, өнімді Tesla сертификаттаған), сондай-ақ аккумуляторларға арналған графит (Sarytogan Graphite) өндірісі бар. Жезқазғанредмет және Өскемендегі Үлбі металлургия зауытында ыстыққа төзімді никель қорытпаларын және магниттерді қайта өңдеу өндірісі жоспарлануда.

Геология және жер қойнауын пайдалану

 2026 жылы Қазақстан жер қойнауының цифрлық картасын құрастыруға кіріседі. Ол үшін жобалық-сметалық құжаттамаға биыл қаржы бөлінді. Картаға аэро-геофизика, геохимия, спутниктік суреттердің спектралдық талдауы және өзге де деректер енгізіледі.

Астанада халықаралық аккредиттелген геоаналитикалық зертхананың іске қосылуы маңызды қадам болмақ. Қазіргі уақытта RCI Inspection және PARAGON компанияларымен келіссөздер жүргізілуде. Мұнда керно және қор сақтау қоймалары орналасады. Сонымен қатар Жезқазғанда заманауи керноқойма құрылып, оны Ұлттық геологиялық қызметке беру бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Бүгінгі таңда геологиялық деректердің 60%-дан астамы цифрланды, бұл 2023-2024 жылдары жинақталған бастапқы ақпараттың 2,7 млн бірлігі деген сөз. Келер жылдың соңына дейін цифрландыруды толық аяқтау жоспарланып отыр. Геодеректерді жедел талдау үшін жасанды интеллект алгоритмдері де енгізіліп жатыр.
Бұл ретте «Жер қойнауы туралы» кодекске 39 түзетуді қамтитын, жер қойнауын барлау және пайдалану туралы жаңа заң жобасы маңызды. Құжат мемлекеттік органдар мен бизнес-қоғамдастықта талқыланып, келісілген, жақын арада Мәжілістің қарауына енгізіледі.

Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы

 Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында сумен жабдықтау және су бұру нысандарын сенімгерлік басқару тетіктері енгізіледі. Ол үшін үлгілік келісім әзірленіп, әкімдіктер берілетін нысандар тізімін жасайды. Қазақстан қазірдің өзінде халықаралық Suez, Veolia және Aqualia компанияларымен әріптестік орнатты. Мәселен, Қарағандыда Suez компаниясымен су арнасын жаңғыртуға арналған кешенді талдау және жаңғырту жоспарын қамтитын келісім жасалды.

Ұлттық жоба шеңберінде коммуналдық шаруашылықты жаңғырту цифрлық шешімдерді пайдалану арқылы жүргізіледі. Үй шаруашылықтары мен бизнес нысандарын есепке алу жабдықтарымен жаппай жабдықтау, табиғи монополия субъектілері үшін автоматтандырылған есеп жүйелерін енгізу жоспарланып отыр.

Осы жылдың соңына дейін құрылыстың Бірыңғай ұлттық цифрлық платформасының құқықтық базасын қалыптастыру аяқталады. Ол жоспарлау мен сараптамадан бастап нысандарды салу сапасын бақылауға дейінгі барлық процестерді біріктіреді.

«Құрылыстың Бірыңғай цифрлық платформасын енгізу бізге саладағы ахуалды нақты уақыт режимінде көруге мүмкіндік береді, яғни алғашқы жобалық шешімдерден бастап нысандарды пайдалануға дейінгі барлық процестерді көріп отырамыз. Бұл ашықтықты қамтамасыз етеді, артық бюрократияны жояды және азаматтардың өмір сапасын арттырады», — атап өтті ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі.

Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, Президент тапсырмаларын орындау индустрияландыруға қуатты серпін береді, инвестиция ағынын қамтамасыз етіп, ел экономикасының сапалы өсіміне жағдай жасайды.