Астана, 2025 жылғы 5 қыркүйек.
Jiaxin International Resources Investment Limited тау-кен компаниясы өзінің бағалы қағаздарын Astana International Exchange (AIX) биржасында листингке шығарды. Атаулы рәсім Орталық Азиядағы ең ірі қаржы форумы – Astana Finance Days 2025 аясында өтті.
– Jiaxin International басшылығын табысты IPO-мен құттықтаймын. Бұл оқиға инвесторлардың Астанадағы Халықаралық қаржы орталығына деген сенімінің жоғары деңгейін тағы бір мәрте көрсетеді. Осындай ірі және беделді компанияның үлгі көрсетуі Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын айтарлықтай арттырып, бізге жаңа шетелдік қатысушыларды тартатынына сенімдімін, – атап өтті ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі салалық бағдарламаларды әзірлеу, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру және шетелдік инвесторлардың Қазақстанда ұзақ мерзімді жұмысы үшін жағдай жасау арқылы тартымды инвестициялық ахуал құруда басты рөл атқарады.
Сондай-ақ іс-шараға мемлекеттік органдардың басшылары, халықаралық қаржы институттары мен ірі компаниялардың басшылары қатысты.
Кәсіпорын акцияларды орналастыру кезінде жиналған қаражатты өндірістік қуаттарды кеңейтуге, терең өңдеу зауыттарын салуға және түсті металдар саласында жаңа жобаларды игеруге жұмсауды жоспарлап отыр.
Jiaxin International Resources Investment Limited АХҚО-дағы листингімен бір мезгілде Гонконг қор биржасында (HKEX) IPO өткізді.
Қытайлық компания – вольфрамды өндірудегі әлемдік көшбасшы. 2024 жылы Алматы облысындағы Богуты кенішін игеруді бастады. Қоры бойынша – шамамен 107 миллион тонна кен – бұл әлемдегі төртінші ірі вольфрам кен орны.
Еңбекшіқазақ ауданындағы Богуты маңында қазақстандық «Жетісу Вольфрам» кәсіпорны құрылды. Болашақта мұнда терең өңдеу циклі салынып, жұмыс орындарының саны мың адамға дейін кеңейтілмек.