Астанада Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі заң жобасындағы өзгерістер талқыланды

Астанада Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі заң жобасындағы өзгерістер талқыланды

«AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалында Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі заң жобасына енгізілетін өзгерістерді талқылауға арналған жиын өтті. «TURGYNDAR AMANATY» жобасы аясындағы жиынның мақсаты – тұрғын үй қорын басқару жүйесін жетілдіру және заңнамалық өзгерістердің мазмұнын түсіндіру.

Жиынға Қала құрылысы және тұрғын үй-коммуналдық саясат департаментінің директоры Руслан Лепесов, «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Мұхаммед Болысбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева және Астана қаласының жергілікті атқарушы органдарының өкілдері, пәтер иелері кооперативтері мен мүлік иелері бірлестіктерінің төрағалары қатысты.

Кездесу барысында:

- «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңына енгізілген өзгерістерге сәйкес, 2025 жылғы 15 қыркүйектен бастап мүлік иелері бірлестігінің төрағалары үш жыл мерзімге жалпы жиналыста сайланып, үй кеңесінің құрамына кіреді;

- Заңға енгізілген өзгерістердің нақты мазмұны мен оның тұрғын үй саласындағы басқаруға әсері;

- Заңнамалық жаңалықтарды практикалық іске асыру жолдары мен оны жүзеге асыруда туындайтын мәселелері көтерілді.

«Бұл өзгерістер – тұрғын үй саласындағы басқару мәдениетін қалыптастыруға жасалған нақты қадам. Енді әрбір тұрғын өз үйінің тағдырына тікелей әсер ете алады. Мысалы, «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңында қабылданған өзгерістер негізінде 2025 жылғы 15 қыркүйектен кейін МИБ төрағасы жиналыста үш жыл мерзімге сайланады және үй кеңесінің құрамына кіретін болады», – деді Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева.

Қосымша құқықтық актілерге ұсыныстар тыңдалып, қатысушылар тарапынан нақты ұсыныстар айтылды.

Мұндай кездесулер тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруға және тұрғын үй саласындағы ашықтық пен тиімділікті қамтамасыз етуге бағытталған.