ЕЭК Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен бойынша алқа мүшесі (Министр) жұмыс сапарымен Алматы және Астанада болды

ЕЭК Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен бойынша алқа мүшесі (Министр) жұмыс сапарымен Алматы және Астанада болды

ЕЭК Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен бойынша Алқа мүшесі (Министр) Гоар Барсегян жұмыс сапарымен Алматы және Астана қалаларында болды.

Гоар Барсегян Алматыда индустриялық аймақ кәсіпорындарының, оның ішінде «Алматы желдеткіш зауыты», «Kazakhstan Mobility Engineering» мультимедиялық жүйелерді шығаратын зауыты, автокреслолар шығаратын «Almaty Autoparts Production» кәсіпорны, сондай-ақ «Hyundai Trans Kazakhstan» зауытының қызметімен танысты.

«Hyundai Trans Kazakhstan» зауытында дөңгелек үстел өтіп, оған ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің, әкімдіктердің, салалық қауымдастықтардың, бизнес-қауымдастықтардың өкілдері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары мен халықаралық сарапшылар қатысты. Талқылауға 100-ден астам қазақстандық компания, оның 40-қа жуығы онлайн форматта қатысты.

Гоар Барсегян қатысушылар алдында сөз сөйлеп, Қазақстандағы отандық өндірістің қарқынды дамуына жеке көз жеткізуге қуанышты екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай сапарлар кәсіпорындардың әлеуетімен жақынырақ танысуға және жаңа кооперациялық байланыстар құруға мүмкіндік береді.

Талқылау барысында мүше мемлекеттерден кемінде үш компанияның қатысуымен кооперациялық жобаларды іске асыру үшін кредиттер мен қарыздар бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялауды көздейтін ЕАЭО шеңберінде қаржылық жәрдемдесу тетігін қолданудың практикалық мәселелері қаралды. Автокөлік, теміржол және ауылшаруашылық машиналарын салу салаларын қоса алғанда, басым салаларға ерекше назар аударылды.

Министрлік, бизнес-қоғамдастық және сараптамалық топтар өкілдерінің қатысуымен Астанада да осындай дөңгелек үстел өті, онда өнеркәсіптік кооперацияның жаңа жобаларына баса назар аударылды.

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков тетік отандық кәсіпорындар үшін барынша қолжетімді болуы және олардың ұсыныстарын ескере отырып жетілдірілуі керектігін атап өтті.

Қазақстан автомобиль одағының президенті Анар Мақашева ЕАЭО аясындағы кооперация жобаларын дамыту отандық кәсіпорындар үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын, өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және жұмыс орындарын құруға ықпал ететінін баса айтты.

Алматы мен Астанада қалаларында өткен кездесулердің қорытындысы бойынша қатысушылар қаржыландыру тетігін дамыту және жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірледі, олар одан әрі дамыту үшін ЕЭК-ке жіберіледі.