«ВМП Астана» зауыты 3 жылдан бері отандық кәсіпорындарды өнеркәсіптік жабындылармен қамтамасыз етіп келеді

«ВМП Астана» зауыты 3 жылдан бері отандық кәсіпорындарды өнеркәсіптік жабындылармен қамтамасыз етіп келеді

Елордадағы №1 Индустриялық парк аумағында орналасқан «ВМП Астана» зауытының іске қосылғанына үш жыл толды. Бұл кәсіпорын – Қазақстандағы антикоррозиялық және өртке қарсы өнеркәсіптік жабындыларды жылына 5 000 тоннаға дейін өндіретін жалғыз зауыт.

Зауыттың құрылысы 2018 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің экономиканы дамыту мен елді индустрияландыруға бағытталған тиімді өнеркәсіптік саясатты жүзеге асыру жөніндегі тапсырмасы аясында басталған болатын. Кәсіпорынның салтанатты ашылуы 2022 жылдың тамыз айында өтті.

Жоба ресейлік «ВМП» ғылыми-өндірістік холдингінің (ЗАО НПХ «ВМП») қатысуымен жүзеге асырылды. Аталған компания – металл мен бетонды қорғауға арналған заманауи лак-бояу материалдарын әзірлеу және өндіру саласындағы жетекші ұйым.

Үш жыл ішінде «ВМП Астана» зауыты тұрақты даму көрсеткіштерін байқатып келеді. 2022 жылы кәсіпорында 353 тонна өнім шығарылса, 2023 жылы өндіріс көлемі 10 есеге артып, 3 442 тоннаға жетті. 2024 жылы 2 834 тонна жабын өндірілді. Бүгінде зауытта 100-ге жуық білікті маман еңбек етуде.

Кәсіпорын өнімдері металл мен бетонды ұзақ мерзімді қорғауға мүмкіндік беріп, нысандардың өнеркәсіптік және өрт қауіпсіздігін арттырады. Кәсіпорынның тапсырыс берушілері қатарында еліміздің ең ірі компаниялары бар: Теңізшевройл (ТШО), Карачаганак Петролеум Оперейтинг (КПО), «ҚазМұнайГаз» АҚ және оның еншілес ұйымдары (Атырау МӨЗ, Павлодар МХЗ), KAZ Minerals, Қазақмыс, NCOC және мұнай-газ бен металлургия саласының басқа да жетекші кәсіпорындары.

«Біздің зауыт – бұған дейін толығымен импортқа тәуелді болған өндірісті табысты жергілікті деңгейде жолға қоюдың жарқын үлгісі. Біз халықаралық жоғары сапа стандарттарына сай өнім шығарып, оны еліміздің ең ірі өнеркәсіптік нысандарына жеткізіп отырғанымызды мақтан тұтамыз. Сонымен қатар, біз мемлекет тарапынан отандық өндірушілерді қолдау – Қазақстанның индустриялық секторын әрі қарай дамыту мен экономикалық тәуелсіздігін нығайтудың басты кепілі деп санаймыз», – атап өтті «ВМП Астана» ЖШС бас директоры Гүлмира Баймағанбетова.  

«ВМП Астана» зауыты елдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, импорттық материалдарға тәуелділікті азайтуға және стратегиялық нысандарды салу мен пайдалануда жоғары сапа мен қауіпсіздік стандарттарын енгізуге ықпал етуде.