Технологиялық жабдық кез келген кәсіпорын үшін маңызды рөл атқарады. Қазіргі заманғы өндірісті сала ерекшелігіне қарамастан сапалы әрі тиімді құрал-жабдықсыз елестету мүмкін емес. Өндірістің жылдамдығы, өнім сапасы, өзіндік құны және нарықтағы бәсекеге қабілеттілігі технологиялық базаның деңгейіне тікелей байланысты.
Көптеген отандық компаниялар өндірісті жаңғырту барысында түрлі қиындықтарға тап болады. Жаңа жабдық сатып алу үшін айтарлықтай қаржылық шығындар қажет, бұл әсіресе шағын және орта бизнес үшін үлкен кедергі болуы мүмкін. Сол себепті мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау ерекше маңызды.
2024 жылдың мамырынан бастап Қазақстанда технологиялық жабдықтар құнының бір бөлігін өтеу түріндегі өнеркәсіпті ынталандырудың жаңа тетігі іске қосылды. Осы уақыт ішінде «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы арқылы ұсынылатын бұл шараны ондаған компаниялар пайдаланды. Солардың бірі тағам өнімдерін өндіруге маманданған алматылық «С.О. Фея» ЖШС.
Кәсіпорын көкөніс пен жемістерді шыны және қаңылтыр ыдыста толық цикл бойынша консервілеумен айналысады. Мұнда жылына 25-тен астам түрлі өнімнің 600 мың данасы шығарылады. Өндірісте 10 адам еңбек етеді.
«Қазақстанда отандық өнімге деген сұраныс артып келеді. Өйткені тұтынушылар шетелден әкелінген дәл сондай тауар үшін артық ақша төлеуді қаламайды. Халықтың қажеттілігін өтеу үшін өндірісті жаңғырту қажет. Осы себепті 2023 жылы компания тағам өнімдерін дайындау барысында қажетті температураны қамтамасыз ететін заманауи жабдық – бу қазанын сатып алды», – деп хабарлады кәсіпорын өкілдері.
Қазан Түркиядан әкелінді. Компания басшылығы жабдық сатып алынған күннен бастап екі жыл ішінде шығындардың бір бөлігін өтеуге болатынын біліп, QazIndustry компаниясына жүгінді. Нәтижесінде Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы «С. О. Фея» компаниясына бу қазанына жұмсалған қаражаттың 40 пайызын, яғни 15,9 миллион теңгені өтеп берді.
Компания қызметкерлері шетелдік жабдықпен жұмыс істеудің қыр-сырын меңгеріп, соның арқасында өндіріс процесі әлдеқайда жылдам, жеңіл әрі тиімді бола түсті.
Бу қазандығы бес деңгейлі қауіпсіздік жүйесіне ие. Ол қажетті бу көлемін, температура мен қысымды бұрынғыдан әлдеқайда жылдам қамтамасыз етіп, газ бен электр энергиясын үнемдейді. Бұдан бөлек, жабдықтың технологиялық ерекшеліктері төтенше жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге, бу қазандығын енгізу өнім көлемін екі еседен астам арттыруға жағдай жасап, өндірістегі тоқтап қалуды 15%-ға қысқартты. Бұдан бөлек, ол қосымша жұмыс орындарының ашылуына да мүмкіндік берді.
«QazIndustry тарапынан шығындардың бір бөлігін өтеу компанияларға қаржылық жүктемені жеңілдетіп, болашақтағы дамуды жоспарлауға мүмкіндік береді. Бұл табысты жұмыс істеудің негізгі шарты», – деп қорытындылады кәсіпорын өкілдері.
Естеріңізге сала кетейік, өңдеу өнеркәсібі саласындағы кәсіпорындар технологиялық процестерді жетілдіруге, өндірісті жаңғыртуға және өнімді ішкі нарыққа ілгерілетуге жұмсалған шығындардың 40–50%-ына дейін өтемақы ала алады.
Шығындарды өтеу шарттарымен толығырақ https://qazindustry.gov.kz/ru/business_support сілтемесі бойынша танысуға болады немесе аптаның әр сейсенбі және бейсенбі күндері QazIndustry ғимаратында (Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 17, Е блогында) өтетін Ашық есік күндеріне келу арқылы білуге болады.