Бүгін ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов жұмыс сапары аясында Орал қаласына барып, қалалар мен облыстардың бірінші басшылары қатысқан, қалалық аумақтарды кешенді абаттандыру мен көгалдандыруға арналған облыстық семинар-кеңеске қатысты.
Сапар бағдарламасы абаттандырудың негізгі нысандарын аралаудан басталды. Вице-министр Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәймен бірге «Набережная» скверін, Некрасов скверін, «Журналистер» саябағын, С.Датов атындағы алаңды және М.Мәметова көшесіндегі «Үш Батыр қыз» алаңын аралады. Нысандарды аралау барысында қоғамдық кеңістіктерді дамыту, заманауи ландшафтық шешімдерді қолдану және жайлы қалалық ортаны қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Күннің негізгі іс-шарасы Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің ғимаратында өткен облыстық семинар-кеңес болды. Іс-шараға қала мен облыс басшылары, әкімдіктер мен салалық ұйымдардың өкілдері қатысты. Кеңес барысында кешенді абаттандыру, көгалдандыру және қалалық ортаның сапасын арттыру мәселелері бойынша баяндамалар ұсынылып, тәжірибелік шешімдермен алмасу өтті.
Вице-министрдің жұмыс сапары орталық және өңірлік атқарушы органдар арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға, абаттандырудың озық тәжірибелерін таратуға және Қазақстан қалаларын дамытуда бірыңғай тәсілдерді қалыптастыруға бағытталған.