Alliance Buildings: «Ынталандыру шаралары кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады»

Alliance Buildings: «Ынталандыру шаралары кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады»

2024 жылдың мамыр айында енгізілген QazIndustry-дің технологиялық жабдық сатып алуға жұмсалған шығындарды өтеу тетігі өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындары арасында кеңінен қолдау табуда. Мемлекеттік ынталандыру шараларының бұл тетігі өндірісті жаңғырту мен инновацияларды енгізуге серпін беріп, өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жол ашады.

Шымкенттік Alliance Buildings компаниясы төрт жылдан бері кіреберіс металл есіктер мен терезелер шығарып келеді. Жыл сайын зауыттан 35 мыңға жуық есік өндіріледі. Өндірісте 65 білікті маман жұмыс жасайды.

Құрылыстың қарқынды өсуімен бірге нарықтағы бәсекелестік те артып келеді. Мұндай жағдайда кәсіпорындар үшін заманауи өндірістік технологиялар мен автоматтандырылған желілерді енгізу аса маңызды. Көптеген компаниялар үшін озық жабдықты сатып алу айтарлықтай шығындарды талап етеді және бюджетке салмақ салады. Осы орайды QazIndustry арқылы технологиялық жабдықты сатып алу шығындарының бір бөлігін өтеу мүмкіндігі кәсіпорындарға нақты қолдау тетігі болып отыр.

«Металл есіктер өндірісіндегі жоғары бәсекелестік үнемі жаңартуды қажет етеді. Біздің кәсіпорын жабдықтың үш түрін сатып алды: автоматты ұнтақ бояу желісі, автоматты ию станогы және металл лазерлік кескіш. Мемлекеттік қолдау алу мүмкіндігі туралы біліп, біз «QazIndustry» орталыңына жүгіндік, осы жазда бізге шығындардың 40 пайызы, яғни 60 миллион теңгеге жуық қаржы өтелді. Біз бұл қаражатты өндірісті одан әрі жаңғыртуға бағыттаймыз, сол арқылы өз позициямызды одан әрі нығайтамыз», - дейді «Alliance Buildings» ЖШС директоры Оббосхон Қадыров.

Жаңа жабдықтар Қытай елінен әкелінді.

Автоматтандырылған ұнтақ бояу желісі металл есіктердің бетін сапалы әрі берік етіп бояуға мүмкіндік береді, бұл олардың ұзақ қызмет етуіне және сыртқы келбетінің тартымды болуына әсер етеді. Бұл жабдық кәсіпорынның өндірістік қуатын арттырып, ішкі және сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады.

QazIndustry Alliance Buildings компаниясына аталмыш желіге жұмсалған қаражаттың 35,6 миллион теңгесі көлеміндегі шығындарын өтеді. Жаңа желінің арқасында ақауы бар өнімдер саны азайды, өнімділік үш еседен аса артты, ал өнімнің өзіндік құны шамамен 30 пайызға төмендеді.

Сондай-ақ, Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы кәсіпорынға автоматтандырылған ию станогына жұмсалған 16,6 миллион теңге шығынның 40 пайызын өтеп берді. Бұл станок металл есіктерге қажет бөлшектерді – қаңқа, жақтау, панель, топса секілді элементтерді – тез әрі дәл дайындауға мүмкіндік береді.

Мұндай станок өнімділікті айтарлықтай арттырды: бұрын бір қызметкер күніне 20 бөлшек жасаса, енді станоктың көмегімен сағатына 100-ден астам бөлшек шығаруға болады. Өндірісті автоматтандыру өнім түрлерін көбейтіп, материал шығынын азайтты.

Сонымен қатар, кәсіпорын орталық арқылы металл парақтарын лазермен кесуге арналған көпфункционалды станокты сатып алуға кеткен шығындарының шамамен 8 миллион теңгесін өтеп алды. Бұған дейін кәсіпорын қалыңдығы 1,8 мм-ге дейінгі металды ғана кессе, енді жаңа лазерлік жабдықтың арқасында 4 мм-ге дейінгі металмен жұмыс істей алады. Бұл ірі, стандартқа сай келмейтін есіктерді шығаруға мүмкіндік беріп, зауыттың бәсекеге қабілеттілігін арттырып отыр.

«QazIndustry тарапынан жабдық сатып алуға кеткен шығындарды өтеу түріндегі қолдау — бұл бизнес үшін нақты көмек. Ол қаржылық жүктемені жеңілдетіп, өндірісті жедел жаңартуға, инновацияларды енгізуге және өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында біздің кәсіпорын дамуға серпін алып, ертеңгі күнге деген сенім пайда болды», — деп қорытындылады компания басшысы.

Айта кетейік, QazIndustry технологиялық процестерді жетілдіру, өндірісті жаңғырту және өнімді ілгерілетуге бағытталған шығындардың 40-50 пайызына дейін өтеуге мүмкіндік береді.

Шығындарды өтеу шарттарымен QazIndustry ресми сайтының басты бетіндегі «Бизнесті ынталандыру» бөлімі арқылы немесе аптаның әр сейсенбі және бейсенбі күндері QazIndustry кеңсесінде ( Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 17, Е блогында) өткізілетін Ашық есік күніне қатысу арқылы білуге болады.