Бүгін Астана қаласында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр және Тәжікстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Хоким Холикзоданың тең төрағалығымен экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Тәжікстан Үкіметаралық комиссиясының 19-шы отырысы өтті.
Пленарлық отырысында сөз сөйлеген Роман Скляр Үкіметаралық комиссия Қазақстан мен Тәжікстанның өзара іс-қимылының маңызды құралына айналғанын, оның күн тәртібінде екіжақты қатынастарды одан әрі тереңдетудің, жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асырудың, сондай-ақ инвестициялық әлеует пен өңіраралық байланыстарды кеңейтудің маңызды мәселелері бар екенін атап өтті.
Өз кезегінде Хоким Холикзода бұндай маңызды жиын сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салаларда қарқынды дамып келе жатқан, екіжақты қатынастардың дамуына жаңа серпін беретінін атап өтті.
Отырыс барысында сауда, өнеркәсіптік кооперация, ауыл шаруашылығы, сондай-ақ көлік және логистика саласындағы өзара іс-қимылды дамыту перспективаларына ерекше назар аударылды.
Роман Скляр комиссияның жұмысы, ең алдымен, алдағы жоғары деңгейде өтетін кездесулерді мұқият дайындауға бағытталуы тиіс екенін атап өтті.
Тараптар қабылданған шешімдер өзара іс-қимылдың барлық бағыттары бойынша екіжақты қатынастарды одан әрі нығайтуға және тереңдетуге ықпал ететініне сенім білдірді.
Отырыстың қорытындысы бойынша тиісті хаттамаға қол қойылды.
Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның кезекті 20-шы отырысы 2026 жылы Тәжікстанда өтеді.
Дереккөз: primeminister.kz