Атырау қаласында қалалық инфрақұрылымды дамыту, абаттандыру және көгалдандыру бағытындағы жұмыстармен танысуға арналған іс-шара өтті. Кездесу барысында қоғамдық кеңістіктерді тиімді пайдалану, тұрғындарға қолайлы қалалық орта қалыптастыру, көше инфрақұрылымын жаңғырту және көгалдандыру мәселелері талқыланды.
Атырауға жұмыс сапарымен Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Қанат Мынбаев пен «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ Қалаларды дамыту жөніндегі құзырет орталығының басшысы Санджар Қазиев келді.
Сапар аясында олар қалалық ортаны жаңғыртуға бағытталған бірқатар жобалармен танысты. Атап айтқанда, жаңартылған Жеңіс саябағы, Орталық алаң және жаңғыртылып жатқан Сәтпаев даңғылы араланды.
Сондай-ақ, «Отбасы» аллеясы, Жастар аллеясы мен құрылысы жүріп жатқан Орталық саябақ сияқты қоғамдық кеңістіктерге де ерекше назар аударылды. Бұл нысандар қала тұрғындарының демалуына және бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасауға бағытталған.
Жұмыс кездесуінде тараптар қалалық инфрақұрылымды дамытуға арналған кешенді жоспарды, көше-жол желісін жетілдіруді, жаяу жүргіншілер мен қоғамдық көлік инфрақұрылымына басымдық беруді, сондай-ақ заманауи сәулеттік және дизайн шешімдерін енгізу мәселелерін талқылады.
Аталған сапар – Атырау қаласын орнықты дамыту жолындағы маңызды қадамдардың бірі. Негізгі мақсат – тұрғындар үшін қауіпсіз, жайлы және тартымды қалалық орта қалыптастыру.