Павлодар қаласында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Кажкеновтің қатысуымен урбанистика саласындағы мәселелерді талқылауға арналған кеңес өтті.
Кеңес ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының елордалық озық тәжірибені зерттеу және енгізу жөніндегі тапсырмасын орындау аясында ұйымдастырылды. Кездесу барысында облыс орталығындағы абаттандыру, қоғамдық кеңістіктерді жаңғырту және көгалдандыру бойынша қазіргі және болашақ жобалар қаралды. Вице-министр Қуандық Кажкенов өңірлер арасындағы тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтіп, қалалық ортаны дамытуда кешенді тәсілді енгізу қажеттігін айтты.
Елорда тәжірибесімен Астана қаласының Урбанистика орталығының басшысы Елнар Базыкен бөлісті. Ол өз баяндамасында іске асырылған жобаларды таныстырып, орнықты даму қағидаттарына, азаматтарды тартуға және қаланы басқаруда цифрлық шешімдерді пайдалануға ерекше назар аударды.
Павлодар облысының сәулет және қала құрылысы басқармасы қала құрылысының қолданыстағы параметрлері, көгалдандырылған аумақтардың қамтылуы, сондай-ақ жалпы ауданы 132 га болатын 64 рекреациялық аймақты талдау мен дамыту бойынша жол картасын әзірлеу туралы ақпарат ұсынды.
Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Ануарбек Аманов қаладағы көшелерді асфальттау, жаңа бағдаршам нысандарын орнату және қоғамдық көлікті жаңарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы жан-жақты таныстырылым жасады.
Кеңес қорытындысы бойынша Павлодар облысы әкімінің орынбасары Серік Батыргужинов урбанистік күн тәртібі тек Павлодар қаласын ғана емес, бүкіл өңірді қамтитынын атап өтті. Ол елорда мен басқа қалалардың тәжірибесін ескере отырып, жүйелі көзқарас тұрғындар үшін өмір сүру ортасын сапалы жақсартуға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
- Біз қалаларымыздың орнықты дамуына мүдделіміз және жайлы, экологиялық әрі қауіпсіз орта құруға басымдық бере отырып, заманауи тәжірибелерді енгізуді жалғастырамыз, – деді ол.