Шығыс Қазақстан облысында заманауи урбанистикалық тәсілдерді қолдану бойынша семинар-кеңес өтті

Шығыс Қазақстан облысында заманауи урбанистикалық тәсілдерді қолдану бойынша семинар-кеңес өтті

2025 жылғы 30 маусымда Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінде урбанистика саласын дамытуда заманауи әдістерді қолдану мәселелері бойынша семинар-кеңес өтті. Іс-шара ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы Айбек Дадебаевтың тапсырмасын орындау аясында ұйымдастырылды.

Семинар жұмысына ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов, Қала құрылысы және тұрғын үй-коммуналдық саясат департаментінің директоры Руслан Лепесов, «МемҚалаКадастр» РМК бас директоры Түрлібек Мұсабаев, облыс қалалары мен аудандарының әкімдіктері, сондай-ақ сәулет, құрылыс және ТКШ саласындағы мамандар қатысты.

Іс-шараның мақсаты – елорда Астана қаласының урбанистика саласындағы табысты тәжірибесін зерделеу және оны Шығыс Қазақстан облысының елді мекендерінде бейімдеп қолдану. Астанада жүзеге асырылған урбанистикалық шешімдер өңірдің қалалық ортасын тұрақты дамытуға негіз бола алатыны атап өтілді.

Семинар аясында аумақтарды кешенді дамыту, жайлы қалалық орта құру, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, сондай-ақ қала құрылысы саласында цифрлық шешімдерді енгізу мәселелері талқыланды.

Алынған білім мен ұсынымдар қалалық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарына негіз болады және Шығыс Қазақстан облысының қала және ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға септігін тигізеді.