Eurasian Resources Group (ERG) құрамына кіретін «Қазақстан алюминийі» АҚ филиалы - Краснооктябрь боксит кен басқармасы 75-жылдық мерейтойын атап өтті. Бұл күн қала тұрғындары үшін ерекше есте қалды: бір күнде Лисаков үш үлкен оқиғаны – Қала күнін, Металлургтер күнін және басты кәсіпорынның мерейтойын тойлады.
Мерекелік шаралар Құрмет тақтасын ашудан басталды. Биыл тақтаға 20 үздік қызметкер мен жас маманның суреті ілінді – бұл ұжымның алтын қоры мен болашақ буынының белгісі.
КБКБ қалаға арнап ерекше сый жасады – 4-ші ықшам аудан, 20-үйдің қасбетінде жаңа мурал салтанатты түрде ашылды. Бұл өнер туындысында тау-кен өндірісінің басты мамандық иелері мен Абайдың «Еңбек – қуаныш, жалқаулық – айырылмас азап» деген нақыл сөзі бейнеленген. Мурал еңбек адамдарына арналған алғыс пен мерекенің жарқын көрінісіне айналды.
Қала күні аясында дәстүрлі карнавал шеруі «Жұмысшы мамандықтар жылының» ұранымен өтті. Шерудің көркін өндірістік мамандықтардың барлық спектрін көрсеткен КБКБ колоннасы ашты. Алда – «Боксит әміршісі». Ашық түсті костюмдер, өндірістік нышандар және «Виват еңбектің ерлері!», «Виват КБКБ!» сынды ұрандар қала көшелерінде шырқалды.
Кешкісін қаланың орталық алаңында КБКБ-ның үздік қызметкерлері марапатталды. Әр жылдары кәсіпорынның дамуына елеулі үлес қосқан 30-дан астам маманға облыс және қала әкімдігінің, ERG, «Қазақстан алюминийі» АҚ-ның және кен басқармасының Құрмет грамоталары мен алғыс хаттары табысталды.
ERG Директорлар кеңесінің төрағасы, Бас атқарушы директоры Шухрат Ибрагимов өзінің құттықтау хатында былай деді:
«Бұл – жай ғана кәсіпорынның мерейтойы емес, бұл – бүкіл тау-металлургия саласы үшін маңызды белес. 75 жылда КБКБ сенімділіктің, тиімділіктің және еңбек даңқының нышанына айналды. Бүгінгі таңда кен басқармасы – Лисаков қаласының жүрегі әрі ERG алюминий дивизионының негізгі тірегі».
КБКБ – Лисаков қаласының жүрегі. Қаланың тарихы, қалыптасуы мен тағдыры кәсіпорынмен тығыз байланысты. Бүгінде өндірістік мекеме 2000-нан астам адамды жұмыспен қамтып, ERG тізбегіне қажетті бокситтің 100%-ын қамтамасыз етеді.
– Біздің алюминий дивизионымыз – еліміздегі глинозем мен Лондон металл биржасымен сертификатталған бастапқы алюминийді өндіретін жалғыз кәсіпорын. Қазақстан электролиз зауыты бүгінде өнімін әлемнің 20-дан астам еліне экспорттайды және бұл кәсіпорын алюминий өндірісінің өзіндік құны бойынша әлемдік үздіктердің қатарында. Жаңа жобалардағы еңбектеріңіз үшін ерекше алғыс айтамын. Мәселен, биыл мамыр айында КБК-да жаңа карьер іске қосылды, алғашқы ауысымда 3600 тонна шикізат өндірілді. Бұл – дамуымызға, тұрақтылық пен жұмыс орындарын қамтамасыз етуге және жергілікті қауымдастықты қолдауға деген ұмтылысымыздың көрінісі. Біз болашағы зор, жауапты әрі мықты бизнес құрып келеміз, – деді Шухрат Ибрагимов.
ERG атынан Қазақстандағы бас директордың қаржы жөніндегі орынбасары Данияр Рахматуллаев кәсіпорынға жаңа жедел жәрдем көлігінің сертификатын, ал «Қазақстан алюминийі» АҚ бас директоры Владимир Красноярский заманауи LED-экранның сертификатын табыстады. Ол 2025 жылы боксит өндіру көлемін 5 млн тоннаға жеткізіп, 2026 жылы бұл көрсеткішті арттыруды көздейтінін айтты.
Тарихи фотолар көрмесі кен басқармасының шежірелі жолын еске салды. 1950 жылы алғашқы қазық қағылған сәт мерейтойлық фотоға арқау болды. Бұл белгі сақталып, 75 жылдан кейін түсірілген естелік суреттің бір бөлігіне айналды.
Кеш қазақстандық эстрада жұлдыздарының концертімен аяқталды – сахнада Дильназ Ахмадиева мен Sadraddin өнер көрсетті. Мерекені отшашу мен жарқын DJ-фестиваль қорытындылады.
КБКБ мерейтойы қала мен бүкіл кәсіпорын ұжымы үшін маңызды белеске айналды – бұл сабақтастықтың, жетістіктердің және болашаққа сенімді көзқарастың мерекесі.