Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғыртуға бағытталған Ұлттық жоба: басымдық – отандық өндірушілерге

Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғыртуға бағытталған Ұлттық жоба: басымдық – отандық өндірушілерге

2024 жылғы 2 қыркүйекте жарияланған Қазақстан Республикасы Президентінің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауын іске асыру аясында, сол жылдың желтоқсанында энергетика және коммуналдық секторды жаңғыртуға арналған Ұлттық жоба бекітілді. 2025–2029 жылдар аралығына жоспарланған бұл жоба қазіргі инфрақұрылымды заманауи талаптарға және ел экономикасы мен халықтың өсіп келе жатқан сұранысына сай жаңартуға бағытталған.

Жобаның басты міндеті – желілер мен инженерлік коммуникацияларды жаңғырту, сондай-ақ қазақстандық тауар өндірушілердің барынша қатысуын қамтамасыз ету.

Жоспарға сәйкес, 2025 жылы жеткізілетін қазақстандық өнімнің үлесі кемінде 20% болуы керек, бұл көрсеткіш жыл сайын 10%-ға өсіп, 2029 жылға қарай 60%-ға жетуі тиіс.

Осы мақсатты жүзеге асыру үшін ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі қазақстандық тауар өндірушілерден өнім сатып алу және оффтейк-келісімшарттар жасау ережелерін әзірледі. Сондай-ақ, табиғи монополия субъектілері, ірі ЕРС мердігерлер және отандық өндірушілер үшін бірыңғай электронды сатып алу платформасын құру жоспарланып отыр. Бұл платформа Қазақстандық тауар өндірушілердің жаңа тізілімдерімен біріктіріліп, отандық кәсіпорындарға басымдық береді.

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті ұсынған мәліметке сәйкес, су, жылу, электрмен қамту және кәріз жүйелерін жаңғыртуға арналған ұлттық жоба аясында 2,2 трлн теңгеге 2786 түрлі тауар сатып алу жоспарланған. Тауарлардың толық тізімі сілтеме арқылы қолжетімді https://docs.google.com/spreadsheets/d/16y2ygaCZEFtk_VdK0k95PoCHgBE9RVrfl_F7xi8NgEc/edit?usp=sharing.

Ұлттық жоба тек инфрақұрылымды жаңғыртып қана қоймай, отандық тауарларға тұрақты сұраныс қалыптастырады, бұл Қазақстанда өнеркәсіптің дамуына және жаңа өндірістердің ашылуына жол ашады. Жалпы алғанда, осындай жобалар ел экономикасының өсіміне серпін беріп, импорттық өнімге тәуелділікті азайтады.

Осыған орай, отандық тауар өндірушілерді энергетика және коммуналдық салаларды жаңғыртуға бағытталған Ұлттық жобаға белсене қатысуға шақырамыз. ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі ынтымақтастыққа ашық әрі жан-жақты қолдау көрсетуге дайын.

Жобада атсалысу – бұл тек нарықты кеңейту мүмкіндігі ғана емес, еліміздің инфрақұрылымын жаңғыртуға да өз үлесіңізді қосу жолы.