Қазақстан Республикасында Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйесін (АИС МҚК) қалыптастыру аясында инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын цифрландыру жұмыстары қарқынды түрде жалғасуда.
Бүгінгі таңда ғимараттар мен құрылыстарды, сондай-ақ аудан орталықтарына дейінгі елді мекендерді қоса алғанда, инженерлік коммуникацияларды цифрландыру деңгейі 93%-ға жетті. Ағымдағы жылдан бастап халқы 5 мыңнан астам адамды құрайтын елді мекендердің инженерлік желілерін цифрландыру жұмыстары басталды.
Бұл жұмыстар «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңға сәйкес жүргізіліп жатыр. Заң аясында мемлекеттік қала құрылысы кадастры АИС МҚК жүйесінде жүргізіледі және қала құрылысы жобаларының, ғимараттар мен құрылыстардың, инженерлік инфрақұрылым элементтерінің цифрлық деректерін біріктіреді.
Құрылысы жүргізілген аумақтардағы жерасты және жерүсті коммуникацияларға түгендеу жүргізу арқылы олардың нақты кеңістіктік орналасуын және негізгі техникалық сипаттамаларын айқындай отырып, цифрлық кадастрлық карта қалыптастырылады. Бұл карта елді мекендерді жүйелі түрде дамытуға, аумақтың құрылысын бақылауға, нысандарды салу мен пайдалануға үйлесімді көзқарас қалыптастыруға негіз болады.
Қала құрылысы кадастрының геопорталы арқылы архитектура, қала құрылысы және құрылыс саласындағы уәкілетті органдар инженерлік инфрақұрылымға қатысты цифрлық деректерге қол жеткізе алады. Бұл шешімдер қабылдау үдерісінің ашықтығы мен тиімділігін арттырады.
Цифрлық қала құрылысы деректер базасын қалыптастыру жұмыстары жоспарлы түрде жалғасып, аумақтық жоспарлау мен қалалық ортаны дамыту жүйесін цифрлық түрлендірудің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.