Жалын мен болаттың адамдарына — жоғары марапаттар

Жалын мен болаттың адамдарына — жоғары марапаттар

Жалын мен болаттың адамдарына — жоғары марапаттар

 

Металлург күні — еліміз үшін аса маңызды кәсіби мерекелердің бірі. Бұл салада мыңдаған маман еңбек етіп, ел экономикасының дамуына өз үлесін қосып келеді. Аталған күнге орай Қарағанды облыс әкімдігінде өткен салтанатты жиынға ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев қатысты.

Салтанатты шара барысында министр металлургия саласының қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, олардың еңбегіне жоғары баға берді.

— Құрметті Қарағанды жұртшылығы, мен бұл кездесуге Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен келіп отырмын. Сіздерді кәсіби мерекемен құттықтап, Қарағанды облысының әкімімен бірге мемлекеттік марапаттарды табыстау — мен үшін зор құрмет, — деді министр Ерсайын Нағаспаев.

Министрдің айтуынша, бүгінде елімізде металлургия саласын жаңғырту бағытында кең ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Жаңа өндіріс орындары ашылып, жұмыс жағдайын жақсарту және қауіпсіздікті күшейту басты назарда.

Жиын барысында Теміртау мен Балқаш қалаларының металлург мамандарына мемлекеттік марапаттар табысталды. Олардың қатарында — «Құрмет» ордені, «Еңбек Даңқы» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалі және «Қазақстанның еңбек сіңірген өнеркәсіп қайраткері» төсбелгісі бар.

Сондай-ақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бауыржан Смағұлов та металлургтерді кәсіби мерекемен және марапаттарымен шын жүректен құттықтады.

Сол күні облыс әкімі мен министр Теміртаудағы Qarmet компаниясының еңбек ұжымымен кездесіп, бірқатар сала мамандарына ведомстволық марапаттар табыстады.