Қызылорда қаласында орнықты урбанизация, инклюзивті даму және ұлттық қалалық күн тәртібін қалыптастырудағы өңірлік қалалардың рөліне арналған Қазақстанның Ұлттық Урбан Форумы өтті.
Форум барысында қатысушылар заманауи климаттық, экономикалық және әлеуметтік сын-қатерлер жағдайында қалаларды кешенді түрлендіру жолдарын талқылап, жайлы және тұрақты қалалық ортаны дамытудағы үздік тәжірибелерімен және стратегиялық тәсілдермен бөлісті.
Форумға қатысушыларға арнаған құттықтау сөзінде ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков еліміздің урбанистік трансформацияның жаңа кезеңіне аяқ басқанын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі таңда қалалар тек экономикалық өсім нүктесі ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік әділеттілік, цифрлық шешімдер мен экологиялық тұрақтылық кеңістігіне айналып отыр.
«Бүгінде біз тек тұрғын үй мен инфрақұрылым салу мәселесін ғана емес, адамның әл-ауқаты мен белсенді қатысуы негізінде қалыптасатын тұтас қалалық бірегейлік туралы айтып отырмыз», — деді Б. Жүнісбеков.
Форумның басты тақырыбы – өңірлерден басталатын кешенді қалалық трансформация – Жаңа қалалық күн тәртібі мен БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына сәйкес инклюзивті және теңгерімді дамуды ілгерілетуге арналды. Шарада Қызылорда сияқты шағын қалалардың ел дамуына қосар үлесі ерекше атап өтіліп, тұрақты урбанизацияның негізгі элементтері ретінде тұрғын үй, инфрақұрылым және климаттық төзімділігі айқындалды.
Сонымен қатар, форум әділетті және контекстік қалалық өзгерістерге қатысты ұлттық диалогты дамыту алаңына айналды. Қатысушылар арасында үздік тәжірибе алмасуға, салааралық әріптестікті нығайтуға және цифрлық, бейімделген әрі инклюзивті жоспарлау үшін қалалық деректерді тиімді пайдалануға ерекше көңіл бөлінді.
Форум мемлекеттік органдарды, халықаралық ұйымдарды, сарапшыларды және азаматтық қоғам өкілдерін орнықты, әділетті және адамға бағдарланған болашақ қалаларды құру жолында біріктіретін маңызды диалог алаңы болды.