Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша кәсіпорындардың еңбек өнімділігін арттыруға және өнімді ішкі нарыққа ілгерілетуге жұмсалған 908,1 млн теңгеге шығындары өтелді.
«QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығының Бизнесті ынталандыру дирекциясы деректері бойынша 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 51,7%-ға көп – ол кезде мемлекет шамамен 470 миллион теңгеге шығындарды өтеген болатын.
2025 жылғы 30 маусымдағы жағдай бойынша, еңбек өнімділігін арттыру бағыты бойынша өңдеу өнеркәсібіндегі 36 субъектінің 53 өтінімі негізінде жалпы сомасы 905,6 млн теңге көлемінде шығындар өтелді. Олардың ішінде 2024 жылы мақұлданған кейбір өтінімдер бойынша да өтеу жүргізілген. Шығындарды өтеудің екінші бағыты – өнім мен қызметтерді ішкі нарықта ілгерілету бағыты бойынша шамамен 2,5 млн теңге өтелді.
Есептік кезеңде өтінімдердің басым бөлігі Астана (104), Алматы (70) және Шымкент (63) қалаларындағы кәсіпорындардан келіп түскен. Салалық бөліністе бұл металлургия, агроөнеркәсіптік кешен, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп, сондай-ақ жиһаз бен құрылыс материалдарын өндіру салаларындағы кәсіпорындардан келген.
Бірінші жартыжылдықта QazIndustry мамандары мемлекеттік ынталандыру шараларын алу шарттары мен тетіктерін түсіндіру бойынша өңірлерде 25-тен астам семинар-кеңес пен вебинар өткізді. Сондай-ақ, мамандар 57 отандық өндіріс орнына барып, жалпы 200-ге жуық кеңес берді.
Шығындарды өтеу тетіктері бизнеске қаржылық жүктемені азайтуға, өндірісті жаңғыртуға, еңбек өнімділігін арттыруға және ішкі әрі сыртқы нарықта бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Шығындарды өтеу шарттарымен толығырақ https://qazindustry.gov.kz/ru/business_support сілтемесі бойынша танысуға болады немесе аптаның әр сейсенбі және бейсенбі күндері QazIndustry ғимаратында (Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 17, Е блогында) өтетін Ашық есік күндеріне келу арқылы білуге болады.