Қ.И. Сәтбаев атындағы Геологиялық ғылымдар институтында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, Геология комитетінің төрағасы Ерлан Ақбаровтың ғылыми қауымдастық өкілдерімен жұмыс кездесуі өтті.
Кездесудің мақсаты — геология ғылымын дамытудың басым бағыттарын және жер қойнауын ғылыми тұрғыда зерттеуге негізделген жаңа тәсілдерді талқылау. Әсіресе, қазіргі заманғы әдістер мен технологияларды қолдана отырып, 1:50 000 масштабында геологиялық барлау жұмыстарын жүргізудің бірыңғай әдістемесін енгізу мәселесіне баса назар аударылды.
Кездесуге қатысушылар зерттеу жұмыстарының ғылыми негізді болуы, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты күшейту, сондай-ақ геологиялық барлау жұмыстарына қойылатын қазіргі талаптарға сай әдістемелік ұсынымдарды жаңарту қажеттілігін атап өтті.
«Бүгінде геологиялық барлау жұмыстары бірыңғай стандарттарға, ғылыми тәсілдерге және заманауи технологияларға негізделуі қажет. Бұл – елдің минералдық-шикізаттық базасын тиімді әрі тұрақты дамытуға негіз бола алады», — деп атап өтті Ерлан Ақбаров.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ғылым мен сала арасындағы ынтымақтастықты арттыру, жаңа әдістемелік тәсілдерді әзірлеу және геология саласындағы стратегиялық міндеттерді іске асыруда ғылымның рөлін күшейту бағытында бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты.