Вице-министр Олжас Сапарбеков Тараз тұрғындарымен кездесу өткізді

Вице-министр Олжас Сапарбеков Тараз тұрғындарымен кездесу өткізді

Бүгін ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков тараздықтармен кездесу өткізді. Кездесу Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық университетінің ғимаратында өтті.

О.Сапарбеков өнеркәсіптік даму көрсеткіштеріне тоқталып, саланы, оның ішінде Жамбыл облысындағы саланы нығайту жоспарларымен бөлісті.

Мәселен, ағымдағы жылдың бес айының қорытындысы бойынша өңдеуші өнеркәсіптегі өнім көлемі 6%-ға артты. Бұл ретте Жамбыл облысында өңдеуші өнеркәсіптің өсімі 17%-ды құраса, өнеркәсіп өнімінің көлемі 23%-ға артып, 507 миллиард теңгеге жетті.

«Жамбыл облысында 62 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда, оның ішінде 3,5 триллион теңгені құрайтын 47 жоба өнеркәсіп саласына қатысты. Оларды жүзеге асыру алты мыңға жуық жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Жыл басынан бері тоғыз миллиард теңгенің үш жобасы іске қосылды, жүзге жуық жұмыс орны ашылды. Жыл соңына дейін 17 жоба іске қосылып, 3,5 триллион теңге инвестиция тартылады64. жұмыс орындары күтілуде», – деді вице-министр.

Сондай-ақ О.Сапарбеков мемлекеттік сатып алулар аясында отандық тауар өндірушілерді жүктеу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Мәселен, ағымдағы жылдың бес айының қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар отандық тауар өндірушілермен жалпы сомасы 303 миллиард теңгеге 96 мыңнан астам келісім-шарт жасасқан, бұл өткен жылмен салыстырғанда үш есеге көп.

Сонымен қатар, «Самұрық-Қазына» қоры мен ірі жер қойнауын пайдаланушылар жалпы сомасы 200 миллиард теңгеден астам 595 ұзақ мерзімді келісімшарттар мен офтейк келісімшарттарын жасады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге артық.

О.Сапарбеков министрлік шағын және орта бизнес үшін дайын инфрақұрылымы бар шағын өнеркәсіптік аймақтарды құру бағдарламасын қолға алғанын хабарлады. Бизнес өкілдеріне өндіріс орындары жеңілдікпен жалға беріледі.

Вице-министрдің айтуынша, шілде айының соңына дейін Жамбыл облысында осындай үш өндіріс орнын ашу жоспарлануда.

Биылғы жылдың басты жаңалығы қазақстандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімін құру болды. Бұл өндірушілер мен олардың өнімдері туралы ақпаратты қамтитын мемлекеттік цифрлық жүйе болады.

Тізілімді енгізу ашықтықты арттырып, жиналған деректер негізінде нақты өндірушілерге мақсатты қолдау көрсетеді.

Кездесуге қатысушылар өңірдегі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және кәсіпорындарды қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету бойынша сұрақтар қойды.

О.Сапарбеков қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап беріп, қатысушыларға белсенді ұстанымдары үшін алғысын білдірді.