Парламент Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық туралы жаңа Заң қабылдады

Парламент Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық туралы жаңа Заң қабылдады

ҚР Парламенті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, кәсіпкерлік және экпорттық-кредиттік агенттіктің қызметі  мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды қабылдады. 

Заңның негізгі мақсаты – тұрғындарға таңдау құқығын беру, ашықтықты арттыру және жалпы көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару жүйесін жетілдіру.

Заң қолданыстағы пәтер мен тұрғын емес үй-жайлар иелерінің кооперативі қызметіне жаңа көзқарасты, сондай-ақ олардың жұмыс істеу тетіктерін айқындауды көздейді. Пәтер иелерінің кооперативі басқарушы компаниялармен қатар басқару субъектісі ретінде қарастырылған, бұл ретте ол коммерциялық емес ұйым болып қала береді.

Осылайша, ПИК пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелерімен кондоминиум объектілерін басқару бойынша қызметтер көрсету мақсатында ғана құрылатын болады. Олар өз қызметін мүлік иелерінің бірлестігімен жасалған шарт  немесе тұрғындар тікелей бірлескен басқару түріндегі басқару нысанын таңдаған кезде жиналыс хаттамасы негізінде жүзеге асыратын болады.

Қаржылық ашықтықты арттыру және қаражаттың мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз ету мақсатында ПИК-ке қойылатын талаптардың бірі әрбір үй үшін жеке шоттарды міндетті түрде ашу көзделеді. 

Жалпы, заңда тек екі басқару формасын – мүлік иелерінің бірлестігі (МИБ) және тікелей бірлескен басқару (ТББ) қалдыру ұсынылады. Қарапайым серіктестік түріндегі басқару нысаны жойылады.

Бүгінде республика бойынша 7 мыңнан астам МИБ құрылғанын атап өткен жөн. Енді олар штат жинап, үйді өз бетінше басқара алады немесе басқарушы компанияны немесе ПИК-ті қатыстыра алады.

Тікелей бірлескен басқару кезінде, пәтерлер саны 36-ға дейін болғанда, тұрғындар заңды тұлға құрмай немесе басқару субъектісін тартпай-ақ дербес басқара алады, сондай-ақ ЕДБ-де шот ашуға міндетті емес. Пәтерлер саны 36-дан асқан жағдайда, ТББ жиналыс хаттамасы негізінде кондоминиум объектісін басқару субъектілерінің бірімен келісім-шарт жасасуға міндетті.

Жаңа заң шығындарды оңтайландыру, проблемаларға және апаттық жағдайларға жедел ден қою мақсатында МИБ, ПИК және басқарушы компанияларға басқару және асырау функцияларын біріктіру мүмкіндігін беру ұсынады.

Сондай-ақ, шешім қабылдауды оңайлату мақсатында жиналысты келу тәртібімен айналып өтіп, электрондық дауыс беруге немесе жазбаша сауалнамаға көшу бойынша түзетулер көзделеді.

Одан бөлек, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексіне ағымдағы және (немесе) жинақ шоттарын ашу мерзімдерін бұзғаны және ай сайынғы және жылдық есептерді ұсынғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату, құрылыс салушының құжаттарды ұсынбағаны үшін жауапкершілік белгілеу бойынша түзетулер енгізіледі. Айыппұлдар үйді басқаруды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғаға дербес салынады деп көзделеді. Бұл жеке жауапкершілік деңгейін арттыруға және бұзушылықтар санын азайтуға мүмкіндік береді.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, заң нормативтік-құқықтық базаны кешенді жетілдіру жүзеге асырылатын тұрғын үй қорын басқару саласындағы проблемалық мәселелерді реттейді.