Астанада көлік пен құрылыс саласының жетекші көрмелері өтуде

Астанада көлік пен құрылыс саласының жетекші көрмелері өтуде

Бүгін Астанада EXPO халықаралық көрме орталығында Komtrans Astana+ BUSexpo Astana және Eurasian Construction Technology Astana 2025 көрмелері өтуде. Бұл - көлік пен құрылыс саласына бағытталған, Қазақстан мен Орталық Азия кеңістігіндегі жетекші салалық алаңдардың бірі.

Қазақстан, Қытай, Түркия және Өзбекстаннан келген 230 компания көрмеге қатысып, нарыққа бейімделген өнімдер мен шешімдерді ұсынады.

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Жәннат Дүбірова көрмелердің ашылу салтанатына қатысты.

Komtrans Astana + BUSexpo Astana жүк, коммерциялық және жолаушылар көлігіне маманданған аймақтағы көрме. Көрме көлік индустриясының негізгі сегменттерін біріктіретін, әрі нақты бизнеске бағытталған B2B форматындағы кәсіби платформа. Eurasian Construction Technology Astana 2025 көрмесімен бір алаңда өтуі логистика, құрылыс және инфрақұрылым бағыттарын тоғыстырған кешенді іс-шараға айналып отыр. 

Көрмеде ауыр жүк көліктері, автобустар, құрылыс алаңына арналған арнайы техника, телематикалық жүйелер мен автосервиске арналған жабдықтар ұсынылған. 

Шетелдік қатысушылардың қатарында Қазақстанмен өндірістік кооперацияны кеңейтуге ниетті ірі компаниялар бар. Әсіресе Қытай, Түркия және Өзбекстан кәсіпорындары елімізді Орталық Азия нарығына шығатын негізгі платформа ретінде қарастырады.

Business Media Central Asia басшысы Ануар Мәлік: «Komtrans + BUSexpo Astana көрмесі көлік және логистика саласына арналған нақты шешімдер алаңы. Мұнда өнімдер ғана емес, кәсіби әріптестік пен нақты жобаларға негіз болатын келіссөздер жүреді. Алдағы уақытта біз көрмелер өткізуді жалғастырамыз», -деді.

Көрме аясында іскерлік бағдарлама қарастырылған. Панельдік сессиялар, B2B кездесулер мен сараптамалық пікірталастар саланың өзекті тақырыптарын қамтиды;

  • «Өңіраралық логистикалық дәліздер: экономикалық ықпал және қаржылық тетіктер»;
  • «Орталық Азиядағы автотасымал кедергілері және цифрлық шешімдер»;
  • «Жұмысшы мамандықтарының жылы: көлік саласының дамуына кадрлық ресурс»;
  • «Қазақстандағы автопаркті жаңарту: қаржылық лизинг, мемлекеттік қолдау және халықаралық тәжірибе».

Көрмені ұйымдастырушы BMCA (Қазақстан). 

Іс-шара ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, ҚР Көлік министрлігі, сондай-ақ ҚР Сауда және интеграция министрлігінің қолдауымен өтуде.