Бүгін ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов World Water Works International халықаралық компаниясының басшылығымен кездесті.
Кездесу барысында тараптар сарқынды суларды тазарту және кәріз тазарту құрылыстарының тиімділігін арттыруға бағытталған инновациялық технологияларды енгізу мәселелерін талқылады. World Water Works компаниясы экологиялық қауіпсіз және заманауи технологиялық шешімдерді таныстырды.
Су бұру инфрақұрылымын жаңғырту, тиімділігін арттыру және орнықты дамыту Қазақстан үшін маңызды басым бағыттар. Осыған байланысты Министрлік халықаралық әріптестікті нығайту, сондай-ақ озық шетелдік тәжірибелерді енгізу бойынша бірқатар бастамаларды қолға алуда.
Кездесу аясында тараптар бірлескен техникалық консультациялар өткізу, тәжірибе алмасу және ақпараттық қолдау көрсету мәселелері бойынша ынтымақтастық орнатуға ниетті екендерін білдірді.
World Water Works International компаниясы тарапынан кездесуге компанияның бас директоры Амар Конаманени, вице-президенті Мехул Шах және Қазақстандағы өкілі Панкаж Парелкар қатысты.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара іс-қимылды жалғастыру және су тазарту саласындағы тиімді шешімдерді Қазақстанға енгізу мүмкіндіктерін қарастыруға уағдаласты.