Ташкентте MINEX Central Asia 2025 тау-кен өнеркәсібі көрмесі мен форумы басталды

Ташкентте MINEX Central Asia 2025 тау-кен өнеркәсібі көрмесі мен форумы басталды

2025 жылғы 24 маусымда Ташкент қаласында MINEX Central Asia 2025 халықаралық тау-кен өнеркәсібі көрмесі мен форумы өз жұмысын бастады. Іс-шараға Орталық Азия елдері мен шет мемлекеттерден саланың жетекші өкілдері жиналды.

Форумға ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан бастаған делегация қатысты. Сонымен қатар, форумға Қазақстанның Өзбекстандағы Елшісі Бейбіт Атамқұлов пен Елшілік дипломаттары да қатысты.

Аса маңызды пайдалы қазбалар саласындағы өңірлік әріптестікке арналған панельдік сессия барысында Иран Шархан құттықтау сөз сөйлеп, сессия қорытындысы бойынша өткен пікір таласқа белсене қатысты.

Ол Орталық Азия елдері арасында минералдық-шикізат ресурстарын орнықты пайдалану бағытындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтіп, бірқатар нақты ұсыныстар енгізді. 

Атап айтқанда: геологиялық ақпаратты бірлесіп зерттеу үшін Орталық Азия геологиялық хабын құру, шекаралас аймақтарда бірлескен геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу, ғылыми-зерттеу институттарының күш-жігерін біріктіру және басқа да өзекті бастамалар ұсынылды.

Сессия аяқталғаннан кейін И.Шархан форум аясында сала өкілдерімен, қатысушылармен бірқатар кездесулер өткізіп, Өзбекстан Республикасының Тау-кен өнеркәсібі және геология министрлігіне барды.

Министрлікте Өзбекстан Республикасының Тау-кен өнеркәсібі және геология вице-министрі Рустам Юсуповпен келіссөздер өткізілді. Тараптар геология және жер қойнауын пайдалану салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларын талқылады.

Форумға қатысып жатқан қазақстандық салалық компаниялардың өкілдері де бірқатар шетелдік серіктестермен және форум қатысушыларымен кездесулер өткізіп, жер қойнауын пайдалану және геологиялық барлау салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады.

Іс-шара 25 маусымға дейін жалғасады. Екінші күні қазақстандық делегаттардың тақырыптық панельдік сессияларда сөз сөйлеуі жоспарланған.