Жер қойнауын пайдаланушылар мен өнім берушілер tizilim.gov.kz жүйесіне тіркелулері қажет

Жер қойнауын пайдаланушылар мен өнім берушілер tizilim.gov.kz жүйесіне тіркелулері қажет

2025 жылдың 1 шілдесінен бастап жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алулары Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің және оларды өндірушілердің тізілімі» мемлекеттік ақпараттық жүйесінің жаңғыртылған — tizilim.gov.kz платформасында жүзеге асырылады.

Ақпараттық жүйе Тауарлар, жұмыстар және көрсетілетін қызметтер бойынша Бірыңғай номенклатуралық анықтамалықты (ТЖҚ БНА) ескере отырып әзірленген, өйткені жер қойнауын пайдаланушылар сатып алынған тауарлар, жұмыстар және көрсетілетін қызметтер туралы, оның ішінде қазақстандық қамту үлесі бойынша есепті ТЖҚ БНА негізінде тапсыруға міндетті.

Сондай-ақ жылдық және орта мерзімді сатып алу жоспарлары да ТЖҚ БНА қолдану арқылы қалыптастырылады.

1 шілдеге дейін жер қойнауын пайдаланушылар «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС-мен ТЖҚ бойынша Бірыңғай номенклатуралық анықтамалықты (ТЖҚ БНА) пайдалану абонентін алу жөнінде шарт жасасуы қажет. tizilim.gov.kz платформасында тіркелу мүмкіндігі 23 маусымнан бастап қолжетімді. Жер қойнауын пайдаланушы компаниялар сатып алу жоспарларын қалыптастырып, оларды жаңғыртылған жүйеде орналастыруы тиіс.  Сондай-ақ өнім берушілер де жаңартылған жүйеге тіркелуі қажет.

«Самұрық-Қазына Контракт» компаниясымен жасалған шарттар тізілімі тоқсан сайын жүйе әкімшісіне жолданып отырады. Егер қандай да бір пайдаланушы шарт жасамағаны анықталса, әкімші оған келісімшарт жасау үшін бір ай уақыт береді. Осы мерзім ішінде шарт жасалмаса, мұндай пайдаланушылардың есептік жазбалары бұғатталады.

Қолданыстағы reestr.nadloc.kz ақпараттық жүйесінің нұсқасында 1 шілдеге дейін жарияланған сатып алуларды тапсырыс берушілер сол жүйеде аяқтайды. Ал жаңа сатып алулар туралы хабарландырулар тек жаңартылған нұсқада — tizilim.gov.kz сайтында ғана қолжетімді болады.

Егер 1 шілдеге дейін жарияланған конкурстық рәсімдер өтпеген болып танылса немесе конкурс өткізілгенімен, жеткізушімен тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу жөнінде шарт жасалмаса, онда мұндай конкурстардың нәтижесі бойынша бір көзден сатып алуды рәсімдеу 1 шілдеден кейін де қолданыстағы reestr.nadloc.kz  жүйесі арқылы жүзеге асырылады.