Қазақстандағы болжамдық-іздестіру жұмыстарының өнімділігін арттыру мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өткізілді

Қазақстандағы болжамдық-іздестіру жұмыстарының өнімділігін арттыру мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өткізілді

Бүгін Астана қаласында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне қарасты Геология комитетінің конференц-залында «Қазақстандағы жаңа геологоразведкалық жағдайда болжамдық-іздестіру жұмыстарының өнімділігін арттыру» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға салалық министрліктердің өкілдері, ғылыми-зерттеу институттары, жоғары оқу орындарының ғалымдары, салалық қауымдастықтар, сондай-ақ геологиялық барлау және тау-кен өндіру компанияларының мамандары қатысты.

Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты – ғылымды, технологияны және адами капиталды дамыту арқылы еліміздегі болжамдық-іздестіру жұмыстарының тиімділігін арттыру жолдарын талқылау болды.

Кездесуді Геология комитетінің төрағасы Ерлан Ақбаров ашып, қазіргі геологиялық барлау саласындағы өзекті сын-қатерлерге тоқталды. Ол барлау жұмыстарының өнімділігі тек заманауи ғылыми-технологиялық шешімдерді енгізу арқылы арта түсетінін атап өтті.

Баяндамалар сессиясында техникалық ғылымдар докторы, Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ профессоры, МАИН бас директоры және ҚР СПМ президенті Алексей Цеховой «Геологияның болашағы: адамдар, білім және технологиялар синергиясы» тақырыбында сөз сөйледі. Ол геологиялық барлау үдерістеріне цифрлық модельдеу, жасанды интеллект және мәліметтерді талдау құралдарын енгізудің маңыздылығын атап өтті.

Содан кейін геология-минералогия ғылымдарының докторы, МАИН және АМР жобаларының ғылыми жетекшісі Владимир Лось «ELAN бағдарламалық кешені негізінде рудалы пайдалы қазбаларды фазалық геохимия және көпмодельді болжау технологиясы арқылы бағалау» тақырыбында баяндама жасады.

Жиын соңында қатысушылар геологиялық барлау саласының даму перспективаларын талқылап, ғылым, білім және өндіріс арасындағы байланысты нығайтудың, жас мамандарды даярлаудың және геологиялық деректерді бағалау мен интерпретациялауда инновациялық әдістерді енгізудің маңызын атап өтті.

Дөңгелек үстелді қорытындылаған Ерлан Ақбаров саладағы табыстың негізгі факторлары – отандық мамандарды қолдау, технологиялық серпіліс және ғылыми негізделген болжау екенін атап өтті.

«Бүгінгі дөңгелек үстел – ғылым, мемлекет және бизнестің күш-жігерін біріктіріп, еліміздің геологиялық барлау саласын жаңа деңгейге көтерудің бастамасы болды», – деді ол.