2025 жылғы 19 маусымда ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов жеке қабылдау өткізіп, онда тұрғын үй қатынастары, сумен жабдықтау және кондоминиум нысандарын басқару мәселелеріне қатысты бірқатар азаматтардың өтініштері қаралды.
Қабылдау барысында тұрғын үй қатынастары саласындағы заңнаманы жетілдіруге қатысты бірнеше ұсыныс айтылды. Атап айтқанда, «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңына өзгеріс енгізіп, меншік иелері бірлестігі (МИБ) төрағалығына кемінде екі үміткердің кандидатурасын қарауды міндетті ету ұсынылды. Бұл бастама тұрғындар арасында ашықтық пен сенімділікті арттыруға бағытталған.
Сондай-ақ, пәтер (тұрғын емес) иелері кооперативтерін (ПИК) кондоминиум нысандарын басқарудың қолданыстағы нысаны ретінде сақтап қалу туралы өтініш түсті. Мұндай басқару түрінің бірқатар тұрғын үй кешендерінде оң нәтижелер көрсеткені атап өтілді.
Қабылдау кезінде кіріктірілген (встроенные) үй-жайлардың жай-күйі мен олардың қайта жоспарлануының заңдылығына қатысты мәселелер де көтерілді. Бұл орайда бұған дейін Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау комитеті жүргізген тексерулердің нәтижелері ескерілді.
Бұдан бөлек, Мақтаарал ауданына қарасты Береке ауылын сумен қамту мәселесі көтерілді. Ауыл тұрғыны тұрақты суға қолжетімділікті қамтамасыз етуге жәрдемдесуді сұрады.
Көтерілген барлық мәселелер мұқият тыңдалды. Әрбір өтініш бойынша вице-министр тиісті түсініктемелер беріп, ықтимал шешу жолдарын атап өтті.