Премьер-министр Олжас Бектенов Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысының өнеркәсіпті дамыту, терең өңдеуге баса назар аудара отырып, экономиканы әртараптандыру, энергетикалық инфрақұрылым мен агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын тексерді. «Saran» индустриялық аймағының кәсіпорындары, «Qarmet» АҚ өндіріс нысандары, оның ішінде металлургия комбинаты мен «Саран» шахтасына барды. Энергетика, коммуналдық және ауыл шаруашылығы салаларындағы жобаларға назар аударылды.
Премьер-министр Қарағанды облысының Саран қаласында орналасқан «Saran» индустриялық аймағының дамуымен танысты. «Қазақстандық ыстық мырыштау зауыты» ЖШСмырышталған металл бұйымдарын өндіретін жаңа кәсіпорынның ашылуын мысалға ала отырып, қосылған құны жоғары өнім шығаруды арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар тексерілді. Ыстық мырыштау немесе металл бұйымдарын тот басудан қорғау құрылыста, машина жасау мен ауыл шаруашылығында және экономиканың басқа салаларында кеңінен қолданылады. Қазақстан өнеркәсібіндегі оң динамиканы ескере отырып, мырышталған металл бұйымдарына сұраныс жыл сайын артып келеді. Қуаты жылына 50 мың тонна өнім шығаруға жететін кәсіпорынды іске қосу отандық металл конструкцияларын өндірушілер қажеттілігінің 80%-ын өтеуге мүмкіндік береді. Жобаға 6,2 млрд теңге инвестиция тартылып, оның 80%-ы – «Бәйтерек» холдингінің тетіктері арқылы ұсынылатын қарыз қаражаты. Зауыт мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігінің нәтижесінде іске қосылды. 115 тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Сонымен қатар ірі өндіріс ошағы төңірегінде шағын және орта бизнес белдеуін дамытуға қосымша серпін берілмек.
Премьер-министр Саран қаласындағы шиналар шығаратын «Tengri Tyres» ЖШС зауытында болды. Кәсіпорын импортқа тәуелділікті азайтып, жергілікті өндірісті дамытуға бағытталған. Толық циклді зауытта халықаралық стандарттарға сай технологиялық барлық процесс іске қосылды. Биылғы қаңтар-наурыз айларында Attar брендімен жалпы құны 2,6 млрд теңге болатын 135,4 бірлік жеңіл және жүк көліктері дөңгелектері және қысқы шиналар шығарылды. Ішкі нарықтың қажеттіліктерін қамтамасыз етумен қатар, жеңіл көлік шиналары экспорты жүзеге асырылады. «Tengri Tyres» ЖШС директоры Александр Уставщиков жыл соңына дейін құны 29,3 млрд теңге болатын 1,2 млн шина шығару жоспары туралы айтты. Қазіргі таңда зауытта 850 адам жұмыс істейді. Толық жобалық қуатына шығу жалпы 1 125 тұрақты жұмыс орнын ашуды қамтамасыз етеді.
Премьер-министр жеткізілімдер көлемін одан әрі арттырудың және сату нарығын кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.
«Silk Road Electronics» ЖШС тұрмыстық техника өндіретін кәсіпорнын аралау барысында өндірісті локалицазиялауды арттыру жоспарларына назар аударылды. Бұл көрсеткіш бүгінде 50%-дан асады. Әрі қарай өсу үшін жабдықты жаңғыртуға қомақты инвестиция салынды. Шығарылатын өнімдер – теледидарлар, су жылытқыштар, шағын пештер, сорғылар, шаңсорғыштар, кір жуатын машиналар, ас үй плиталары және басқа да техникалар елімізде және көршілес елдерге сатылады. Халықаралық компаниялармен әріптестікті дамыту технологиялар трансферті мен экспортты кеңейтуге ықпал етеді. Атап айтқанда, Samsung компаниясымен жасалған келісім халықаралық брендтердің еліміздің өнеркәсіптік әлеуетіне деген сенімін растайды.
Премьер-министр «Саран» шахтасында жұмысшылардың еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты. 520 метр тереңдіктегі шахтаға түсу барысында ұңғыма учаскелер қаралды. «Qarmet» АҚ Көмір департаментінің директоры Жақан Мұхамеджанов нақты уақыт режимінде жерасты қазбаларындағы қызметкерлердің орналасқан жерін бақылауға мүмкіндік беретін персоналды позициялау жүйесін әлемдік стандарттарға сәйкес енгізу туралы хабардар етті. Бұл қауіпсіздікті бақылауды күшейтеді және төтенше жағдайларда жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Жұмыс орындарындағы шахтерлермен бейнебайланыстың техникалық мүмкіндіктері таныстырылды. Жаңғырту бағдарламасы сонымен қатар ұңғыма жабдықтарын жаңартуды, желдету жүйелерін жақсартуды, өрттен қорғауды күшейтуді және жерасты жұмыстарының цифрлық инфрақұрылымын кеңейтуді қамтиды.
Кеншілермен әңгімелесу барысында өндірісті цифрландыруға бейімдеу мәселелері талқыланды. Олжас Бектенов жұмысшылардың еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін басқа шахталарда осындай қондырғыларды жеделдету қажеттігін атап өтті. Qarmet көмір кәсіпорындарын жаңғыртуға салынған инвестициялардың жалпы көлемі шамамен $500 млн-ды құрайды. Озық жүйелерді енгізу бойынша ауқымды жұмыстармен басқа да шахталар қамтылатын болады.
Дереккөз: Primeminister.kz