5 жыл ішінде еліміздің моноқалаларында 44 жоба іске асырылып, бес мыңнан астам жұмыс орны ашылды — Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі

5 жыл ішінде еліміздің моноқалаларында 44 жоба іске асырылып, бес мыңнан астам жұмыс орны ашылды — Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен моноқалаларды дамыту жөніндегі кеңесте өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков соңғы бес жылда еліміздегі моноқалаларда жалпы құны 846,1 млрд теңгені құрайтын 44 жоба жүзеге асырылғанын баяндады. Нәтижесінде, 5,2 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды.

«Екібастұз, Саран, Қаражал, Рудный сияқты қалаларда мыс концентраты, автомобиль шиналары, теміржол дөңгелектері, натрий цианиді және металл прокатын өндіретін ірі өнеркәсіп нысандары іске қосылды», — 

деп атап өтті Олжас Сапарбеков.

Алдағы жылдары моноқалаларда құны 6,2 трлн теңгені құрайтын 46 жаңа өнеркәсіп жобасын жүзеге асыру жоспарланған, онда шамамен 14,9 мың жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Жоғары технологиялық және импортты алмастыратын өндірістерді іске қосу басымдыққа ие.