ҚАРҚАРАЛЫДА «СӘТБАЕВ» II ГЕОЛОГИЯЛЫҚ УНИВЕРСИАДАСЫ БАСТАЛДЫ

ҚАРҚАРАЛЫДА «СӘТБАЕВ» II ГЕОЛОГИЯЛЫҚ УНИВЕРСИАДАСЫ БАСТАЛДЫ

Қарқаралы қаласында академик, Қазақстан ғылым академиясының негізін қалаушы — Қаныш Сәтбаевтың құрметіне арналған ІІ-ші Геологиялық универсиадасының ашылу салтанаты А. Сағынов ат. Қарағанды техникалық университетінің оқу-геологиялық полигонында өтті.

Универсиадаға «Пайдалы қазбалар кен орындарын барлау және геология» мен «Қолданбалы геология» білім беру бағдарламалары бойынша оқитын Қазақстанның 8 алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындары мен колледждерінің 160-тан астам студенті қатысуда.

Қатысушылар құрылымдық геология, петрография, минералогия, палеонтология, геофизика және гидрогеология пәндері бойынша білімдерін сынайтын болады.

Аталған іс-шара ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, «Қазақмыс корпорациясы» және Satbayev University қолдауымен ұйымдастырылды.

Универсиаданың ашылу салтанатында сөз алған Геология комитетінің төрағасы Ерлан Ақбаров қатысушыларға ыстық ықыласын білдіріп, геология саласының тұрақты дамуы үшін жас мамандарды даярлаудың маңыздылығын атап өтті. «Универсиада — студенттерге өздерін көрсетуге, ал саламыз үшін болашақ көшбасшыларды анықтауға үлкен мүмкіндік», - деді Е.Ақбаров.

Сондай-ақ шараға Ғалым Нұржанов (Kazakhmys), Азамат Жалабаев (ERG), Бекасыл Аукешев (Qazaq Geophysics), Мейрам Бегентаев (Satbayev University), Сәуле Сағынтаева (А. Сағынов атындағы ҚарТУ) қатысты.

Универсиада – жас геологтардың кәсіби дамуына арналған алаң, болашақ инженерлер мен ғалымдардың бас қосар орны. Қатысушылар практикалық тапсырмаларды орындайды, саланың жетекші мамандарымен тәжірибе алмасып, дала жағдайында білімдерін сынайды.

Универсиаданың басты мақсаты – жас таланттарды қолдау, оларды ғылыми және практикалық жұмысқа ынталандыру, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілеттілігін арттыру, сондай-ақ геолог мамандығын кеңінен насихаттау.

ІІ «Сәтбаев» геологиялық Универсиадасы 21 маусымға дейін жалғасады. Алғаш рет Универсиада 2024 жылы Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 125 жылдығына орай өткізілген болатын.