Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының екінші съезі өтті

Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының екінші съезі өтті

 

 

Бүгін Астана қаласында Қазақстан Республикасының жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының Екінші съезі өтті. Іс-шара Мемлекет Басшысының Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялаған жылы және әр жылы маусым айының екінші жексенбісінде атап өтілетін Жеңіл өнеркәсіп қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылды.

Съезд жұмысшы мамандықтардың беделін арттыруға және негізінен әйелдерден тұратын еңбек ұжымдарының отандық экономиканы дамытуға қосқан үлесін мойындауға бағытталды. Іс-шара барысында
«Qaz Textile Industry» жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының Ұлттық бірлестігі — заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің өзін-өзі реттейтін ұйымының
10 жылдық қызметінің қорытындылары шығарылып, саланың әрі қарай дамуы мен бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі бағыттары анықталды.

2025 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша жеңіл өнеркәсіп саласында 1411 кәсіпорын жұмыс істейді, оның ішінде 803 кәсіпорын киім өндірісімен, 481 кәсіпорын тоқыма бұйымдарын өндірумен, ал 122 кәсіпорын былғары және оған қатысты өнімдерді өндірумен айналысады.

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі атынан Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Мұхамед Андаков құттықтау сөз сөйледі.

Соңғы 5 жылда елімізде жеңіл өнеркәсіп саласында 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, 40-тан астам жоба іске қосылды.

Ірі жобалар арасында:

- 2021 жылы Шымкент қаласында кілем өндірісін кеңейту жобасы іске қосылды;

- 2023 жылы Батыс Қазақстан облысында биг-бэгтер өндірісінің жаңа жобасы басталды;

- 2024 жылы Атырау облысында геотекстиль кластері жобасы жүзеге асырылды. Өндірілетін өнім – жіпсіз полиэфирлі геотекстиль, ол жол құрылысында, көктемгі су тасқыны кезінде жағалауды нығайтуда, гидроизоляцияда, құрылыстарды нығайту және жер асты коммуникацияларын қорғау үшін қолданылады.

2025 жылға 9 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда, бұл шамамен 600 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Мұхамед Андаков Министрлік тарапынан 2022–2025 жылдарға арналған жеңіл өнеркәсіпті дамыту және мақта-тоқыма кластерін құру жөніндегі жол картасын іске асыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Тоқыма және тігін секторларын дамыту үшін 2022–2025 жылдарға арналған жеңіл өнеркәсіпті дамыту жол картасына тоқыма кәсіпорындарын құру кезінде инвестициялық шығындарды өтеу шарасы және мектеп формасын өндіретін отандық өндірушілерді қолдау бөлімі қосылған өзгерістер енгізілді.

Сонымен қатар, өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілерінің еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған мемлекеттік ынталандыру шараларын ұсыну ережелеріне сәйкес, 2024 жылдың мамырынан бастап технологиялық жабдықтарды сатып алу шығындары өтеледі (өтемақы мөлшері – 40%, бірақ жыл сайын 60 млн теңгеден аспайды). Жеңіл өнеркәсіп саласы бойынша жалпы сомасы 118,2 млн теңгені құрайтын 11 өтініш өтемақы алуға мақұлданды.

Мемлекеттік сатып алуларды жүзеге асыру кезінде ұлттық режимнен тыс 1162 жеңіл өнеркәсіп тауарлары үшін 2 жыл мерзімге босатулар енгізілді.

2023 жылы жеңіл өнеркәсіп жобаларына жылдық сыйақы ставкасы
3%-дан аспайтын мөлшермен соңғы қарыз алушыларға арналған қаржыландыру «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы бөлінді. 2023–2024 жылдары жалпы сомасы 9,3 млрд теңге болатын 6 жоба қаржыландырылды.

Сонымен қатар, жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарына арзан әрі ыңғайлы өндірістік алаңдарға, жалпы инфрақұрылымдық қызметтерге (су, электр энергиясы, көлік), әкімшілік рәсімдердің жеңілдетілуіне, жеңілдетілген салық салуға және қаржыландыруға қол жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында Министрлік жеңіл өнеркәсіп тауарларын 9 арнайы экономикалық аймақтағы басым салалар тізіміне енгізді.

Жеңіл өнеркәсіпті дамыту бойынша жүйелі жұмыстың жалғасуы мен сабақтастығын қамтамасыз ету мақсатында қазір Қазақстан Республикасының жеңіл өнеркәсіпті дамыту кешенді жоспары 2026–2030 жылдарға әзірленуде.

Іс-шара аясында сала ардагерлері «Еңбек ардагері» төсбелгісімен марапатталды. Өнеркәсіп және құрылыс министрі атынан жеңіл өнеркәсіпті дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін сала қызметкерлеріне құрмет грамоталары табысталды.