Қазақстанда өңдеу өнеркәсібін дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған стратегиясының аясында шағын өнеркәсіптік аймақтарды (ШӨА) құру бағдарламасы белсенді жүзеге асырылуда. Бұл — шағын және орта бизнесті қолдаудың жаңа құралы, кәсіпкерлерге дайын өндірістік ғимараттарды жеңілдетілген жалдау шарттарымен ұсынуға негізделген. ШӨА нысандары қажетті инженерлік желілермен және көлікке ыңғайлы инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. Мұндай жағдайлар жаңа жобаларды іске қосудағы кедергілерді азайтып, болашақта кәсіпорындардың тиімді жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
«QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды дамыту дирекциясы деректері бойынша ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығының соңына дейін Түркістан облысында жалпы аумағы 19 мың шаршы метр болатын 12 шағын өндірістік аймақ іске қосылады деп күтілуде. Жыл соңына дейін өңірлерде тағы 19 осындай аймақты ашу жоспарланып отыр. 2026 жылдың бірінші тоқсанында үш аймақ ашылады.
Жаңа бағдарламаға сәйкес шағын өнеркәсіптік аймақтарды құру үш бағытта жүзеге асады: жаңа өндірістік ғимараттар салу, бос тұрған өндіріс нысандарын қайта жаңғырту (Ready built factory үлгісі бойынша) және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды кеңейту.
Бағдарлама бәсекеге қабілетті өндірістерді дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және ел экономикасындағы шағын және орта бизнестің үлесін арттыруға бағытталған. Шағын өнеркәсіптік аймақтар арнайы экономикалық немесе индустриялық аймақтардың аумағында да, одан тыс жерлерде де құрылуы мүмкін. Бұл кәсіпкерлерге өз ісін бастауға немесе кеңейтуге қосымша мүмкіндік береді.
«QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығының мәліметінше, инвесторлар тарапынан барлығы еліміздің сегіз өңірінде 34 шағын өнеркәсіптік аймақ құру жобасын жүзеге асыруда. Мұндай аймақтар Астана мен Шымкент қалаларында, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында құрылмақ. Бұл өнеркәсіптік аймақтардың жалпы аумағы шамамен 265 мың шаршы метрді құрайды
Бағдарламаны жүзеге асыру бизнеске арналған дайын ғимараттардың тапшылығы мәселесін шешуге жол ашады. Шағын өнеркәсіптік аймақтар индустрияландыру мен экономиканың өсуіне серпін беріп, кәсіпкерлікті қолдаудың тиімді тетігіне айналып келеді.