Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Қытайдың East Hope Group корпорациясының директорлар кеңесінің төрағасы Лю Юнсинмен кездесу өткізді. Қазақстанда циркулярлық экономика қағидасы негізінде түсті металдар өндірісі бойынша тік біріктірілген индустриялық парк құру жобасын іске асыру перспективалары талқыланды.
Жоба «жасыл» алюминий өнімдерін өндіру бойынша толық өндірістік циклді қалыптастыруға бағытталған және бірнеше басым бағыттарды қамтиды – шикізат өндіру, алюминий негізіндегі өнімдерді өңдеу және жоғары қосылған құны бар материалдарды терең өңдеу. Бірінші кезеңде қуаттылығы жылына 2 млн тонна алюминий тотығын өңдейтін тау-кен байыту комбинатының, қуаттылығы жылына 1 млн тонна алюминий өндіретін электролиз зауытының құрылысы қарастырылған. Бұл ретте жаңартылатын энергия көздерін пайдалана отырып, электр энергиясын өндіру көзделуде. Іске асыру ең заманауи экологиялық таза технологияларды енгізу арқылы үш кезеңде жүзеге асырылады. Компанияның бағалауы бойынша жобаны жүзеге асыру барысында 10 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылады.