Қарқаралы қаласында II «Сәтбаев» геологиялық Универсиадасы басталады

Қарқаралы қаласында II «Сәтбаев» геологиялық Универсиадасы басталады

2025 жылғы 16 маусымда Қарағанды облысы, Қарқаралы қаласында, А.Сагинов атындағы Қарағанды техникалық университетінің Қарқаралы оқу-геологиялық полигонында II «Сәтбаев» геологиялық Универсиадасы ресми түрде басталады. Бұл — геология саласындағы жас мамандарды даярлау бағытында маңызды оқиға болмақ.

Іс-шараны Satbayev University ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Геология комитетінің қолдауымен ұйымдастырып отыр. Универсиада аралас форматта өтеді: қатысушылар интеллектуалдық жарыстарға қатысып қана қоймай, далалық геологиялық барлау экспедициясында да өз білімдерін тәжірибеде сынайды.

Биылғы Универсиадаға еліміздің 9 жетекші жоғары оқу орнынан және Семей геологиялық барлау колледжінен «Геология» мамандығында оқитын 100-ден астам студент қатысады.

Универсиаданың басты мақсаты — талантты жастарды анықтап, қолдау көрсету, олардың ғылыми және шығармашылық әлеуетін дамыту, кәсіби өсуін ынталандыру, студенттердің халықаралық олимпиадалар мен байқаулардағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру және геолог мамандығын жастар арасында насихаттау.

Бүгінгі таңда Қазақстанның геология саласына білікті, бастамашыл және мақсатты мамандар ауадай қажет. Саланы дамыту, экономиканың тұрақты өсуі және Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін арттыру — жас геологтардың кәсіби үлесіне тікелей байланысты. Мемлекет басшысы бұл жөнінде: «Бай ресурсқа ие елімізде көп жылдан бері маңызды геологиялық жаңалықтар ашылған жоқ. Бұл жағдайды шұғыл түрде өзгерту қажет» — деп атап өткен болатын. Бұл сөздер бүкіл геология саласына, соның ішінде ғылымға, білім беру жүйесіне және кадр даярлау ісіне жолданған маңызды үндеу.