ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына барып, өңірдің сумен жабдықтау жүйесінің қазіргі жағдайымен және ауыз су тапшылығын шешуге бағытталған инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асу барысымен танысты.
Өңір халқын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – басым бағыттардың бірі. Бүгінде облысқа су «Астрахань – Маңғышлақ» магистралды су құбыры және тұщытылған көздер арқылы жеткізіледі. Жаз мезгілінде суға деген сұраныс артады, сондықтан оны қамтамасыз ету үшін кезең-кезеңімен шаралар қабылдануда.
Вице-министр сумен жабдықтау нысандарын салу және жаңғырту жобаларымен танысты. Маңызды нысандардың қатарында – Форт-Шевченко қаласындағы тұщыту кешенінің құрылыс-монтаждау және іске қосу-жөндеу жұмыстарының аяқталуы бар. Бұл жоба қала мен жақын елді мекендерді толықтай сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Кешенді іске қосу 2025 жылдың маусым айына жоспарланған.
Шілде айында «Кендерлі» курорттық аймағындағы зауыт пен Құрық ауылындағы тұщыту қондырғысын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сондай-ақ, «Құйылыс-Меловое» кен орнынан «Каспий» тұщыту зауытына дейінгі су құбырын қайта жаңарту жұмыстары жалғасуда. Бұл су жеткізу көлемін арттырып, тапшылықты азайтуға септігін тигізеді.
Сапар аясында Ақтау қаласындағы №2 кәріздік тазарту құрылыстары (КТҚ-2) жобасының іске асырылу барысы да қаралды. Нысандағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде — құрылыс-монтаж жұмыстарының басым бөлігі аяқталып, негізгі жабдықтар жеткізілді, негізгі технологиялық тораптарды монтаждау жұмыстары аяқталуға жақын. Аталған жобаны жүзеге асыру қаланың экологиялық қауіпсіздігін және коммуналдық инфрақұрылымының тұрақтылығын айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді.
Одан бөлек, вице-министр жергілікті атқарушы органдармен және жауапты ұйымдармен ұзақ мерзімді жобаларды іске асырудың келесі қадамдарын талқылады.
Аталған шараларды іске асыру 2025 жылдың жаз айларында тұрақты сумен жабдықтауды қамтамасыз етіп, халық саны мен өнеркәсіптік даму өсімін ескере отырып, өңірдің болашақтағы су қауіпсіздігіне сенімді негіз қалайды.
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі инфрақұрылымды жаңғырту бойынша жұмыстарды орталық және жергілікті атқарушы органдармен, сондай-ақ мүдделі тараптармен тығыз ынтымақтастықта белсенді түрде жалғастыруда.