2025 жылдың бес айының қорытындысы бойынша кәсіпорындардың шығындарын өтеу бойынша 299,9 млн теңгеге өтінімдер мақұлданды.
«QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығының Бизнесті ынталандыру дирекциясы деректеріне сәйкес, кәсіпорындардың еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған шығындары бойынша өтелген қаржы сомасы 297,4 млн теңгені құрады. Бұл шығындар технологиялық процестерді жетілдіру, өндірісті жаңғырту, цифрлық технологияларды енгізу, қызметкерлердің біліктілігін арттыру, сондай-ақ жаңа технологиялық жабдықтар сатып алу сияқты шараларды қамтиды. Сонымен қатар, өнімдерді ішкі нарыққа ілгерілету бағыты бойынша 2,4 миллион теңге сомасына өтінімдер мақұлданған.
Өңірлік бөліністе өтінімдердің басым бөлігі Алматы, Астана және Шымкент қалаларынан, сондай-ақ Павлодар, Қарағанды, Алматы және Солтүстік Қазақстан облыстарынан келіп түскен. Салалық тұрғыда белсенділік танытқан кәсіпорындар – металлургия, жеңіл өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, машина жасау және жиһаз өндірісі салаларында.
Есептік кезеңде QazIndustry өкілдері телефон арқылы кеңес берумен қатар, ашық есік күндері мен кәсіпкерлермен кездесулер форматында мемлекеттік ынталандыру шараларын түсіндіруге бағытталған 40-қа жуық іс-шара өткізді.
Өңірлерде де ауқымды түсіндіру жұмыстары жалғасуда. Қаңтар - мамыр айлары аралығында орталық мамандары 50-ге жуық кәсіпорынға барды.
QazIndustry технологиялық процестерді жетілдіруге, өндірістерді жаңғыртуға және өнімді ішкі нарыққа ілгерілетуге байланысты кәсіпорындар шығындарының 50%-на дейін өтейді.
Шығындарды өтеу шарттарымен qazindustry.gov.kz ресми сайтындағы басты бетте орналасқан «Бизнесті ынталандыру» бөлімі арқылы немесе аптаның әр сейсенбі және бейсенбі күндері QazIndustry ғимаратында (Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 17, Е блогында) өтетін Ашық есік күндеріне келу арқылы білуге болады.