АММ 2025 аясындағы VI Көмір өнеркәсібі форумы

АММ 2025 аясындағы VI Көмір өнеркәсібі форумы

2025 жылғы 5 маусымда Астана қаласында өткен АММ 2025 халықаралық тау-металлургия конгресі аясында «Көмір өнеркәсібі: сын-қатерлер мен перспективалар» тақырыбында VI Көмір өнеркәсібі форумы өтті.

Көмір өнеркәсібі Қазақстан Республикасының экономикасындағы аса маңызды ресурстық салалардың бірі болып табылады және 30 мыңнан астам адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Қазақстан көмір өндіру және көмірдің геологиялық қорлары бойынша әлемдік жетекші ондықтың қатарында. Бүгінгі таңда елдегі көмір қоры 33,4 миллиард тонна деп бағаланса, жыл сайынғы өндіру көлемі 112 миллион тонна деңгейінде тұрақты сақталып келеді.

Форум жұмысына ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілдері, көмір өндіруші кәсіпорындардың басшылары, салалық қауымдастықтар, ғылыми ұйымдар мен жер қойнауын пайдалану және энергетика саласындағы халықаралық сарапшылар қатысты.

Талқылаудың негізгі тақырыптары көмір саласының қазіргі кездегі сын-қатерлеріне арналды. Атап айтқанда — технологиялық жаңғырту, экологиялық талаптар, нарықтардың трансформациясы және көмірді пайдаланудың әртараптандырылған бағыттары. Форум қатысушылары көмірді шикізат ретінде ғана экспорттаудан бас тартып, оны терең өңдеу мен көмір химиясын дамыту қажеттілігіне баса назар аударды.

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне қарасты Өнеркәсіп комитетінің көмір өнеркәсібі басқармасының басшысы Жанат Игисинов өз сөзінде  
«Министрлік тарапынан көмір кен орындарын пайдалануға берілетін келісімшарттарды ұзарту кезінде, енді көмір өндірумен қатар, жер қойнауын пайдаланушылардың көмірді терең өңдеп, көмір химиясы өнімдерін шығару міндеттемелері жүктелетін болады. Осылайша, жер қойнауын ұтымды әрі кешенді игеру, ойластырылған мемлекеттік саясатпен және халықаралық ынтымақтастықпен ұштаса отырып, еліміздің көмір әлеуетін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.» - деп атап өтті.

Форум барысында қатысушылар көмір саласын экономикалық тиімділік, экологиялық жауапкершілік және инновациялық даму қағидаттарына негізделген тұрақты дамыту қажеттігі туралы ортақ пікірге келді. Бұл форум Қазақстанның көмір өнеркәсібінің жаһандық энергетикалық өзгерістер жағдайындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған жаңа стратегияларды әзірлеуге арналған маңызды диалог алаңы болды.