Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы үкіметтері басшыларының кеңесіне қатысу үшін Душанбе қаласына барды. Онда Беларусь Республикасының Премьер-министрі Александр Турчинмен екіжақты кездесу өтті.
Кездесу барысында Қазақстан-Беларусь ынтымақтастығын дамыту мәселелері талқыланып, үкіметаралық өзара іс-қимылды күшейту және жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды нақты іске асыруды үйлестіру қажеттігі атап өтілді.
2024 жылы Қазақстан мен Беларусь арасындағы тауар айналымы $900 млн-ға жетті, биылғы бірінші тоқсан қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,6%-ға артып, $200 млн-ға жуықтады. Тараптар ынтымақтастықты жандандыруға және іскер топтар арасындағы байланыстарды нығайтуға жәрдемдесу туралы уағдаластыққа қол жеткізді.
Сондай-ақ кездесу соңында ТМД шеңберіндегі өзара іс-қимыл келешегі, оның ішінде тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету және екі ел халқының әл-ауқатын жақсарту жөніндегі бірлескен бастамалар талқыланды.