2025 жылғы 5 маусымда АММ 2025 халықаралық тау-металлургия конгресі аясында «Тау-металлургия кәсіпорындарындағы еңбек қорғау мен өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы қазіргі сын-қатерлер мен үрдістер» тақырыбында Қазақстан Республикасының алтын өндірушілері VI форумы өтті.
Іс-шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ҚР Қымбат металдар өндірушілер қауымдастығының өкілдері, халықаралық жетекші тау-кен компанияларының менеджерлері, металлургия саласындағы тәуелсіз халықаралық сарапшылар, сондай-ақ отандық тау-кен-металлургия кешенінің басшылары мен мамандары қатысты.
Форум барысында қатысушылар саланың алдында тұрған өзекті мәселелерді талқылап, еңбек қауіпсіздігі саласындағы озық тәжірибелермен бөлісті және өндірістік қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған заманауи тәсілдерді қарастырды. Ерекше назар еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі цифрландыру мен автоматтандырудың рөліне аударылды.
Форумда сөз сөйлеген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұқаш Ескендіров «Бүгінгі күні кәсіби қауымдастықтың назарында — «Азаматтық қорғау, электр энергетикасы және мемлекеттік мүлікті басқару мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы тұр. Бұл құжат еңбек қорғау мен өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруге бағытталған.» - деп атап өтті.
«Бағалы металдарды өндірушілердің Республикалық Қауымдастығы» ЗТБ атқарушы директоры Қанат Баитов та еңбек қауіпсіздігі мәселелерінің стратегиялық маңыздылығына тоқталды. «Бүгінде өндірістегі қауіпсіздік — бұл тек заңнама талаптарын формалды орындау емес. Бұл — бизнестің тұрақтылығының стратегиялық факторы. Ғаламдық технологиялық, климаттық, әлеуметтік және геосаяси трансформациялар жағдайында еңбек қорғау мен өнеркәсіптік қауіпсіздік корпоративтік стратегияның ажырамас бөлігіне және бәсекеге қабілеттіліктің негізгі құрамдасына айналуда.»
Форум аясында сала қызметкерлерінің еңбегі де ерекше атап өтілді. ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ведомстволық наградаларымен марапаттау рәсімі өтті. Марапаттар алтын өндіру және металлургия саласының дамуына елеулі үлес қосқан кәсіпорын қызметкерлеріне табыс етілді.
Іс-шара ашық диалог алаңы, білім алмасу және Қазақстанның тау-металлургия секторын орнықты дамыту бойынша стратегиялық бағыттарды қалыптастырудың кәсіби платформасы ретіндегі өз маңыздылығын тағы бір мәрте дәлелдеді.