Molymet-пен меморандумға қол қойылды: инвестициялар, технологиялар және бірлескен жобалар

Molymet-пен меморандумға қол қойылды: инвестициялар, технологиялар және бірлескен жобалар

AMM халықаралық тау-кен металлургия конгресі аясында молибден негізіндегі өнімдер өндіру бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі болып саналатын Чилидің Molymet компаниясының делегациясымен екіжақты кездесу өтті.

Қазақстан тарапынан кездесуге ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков қатысты. Чили тарапынан кездесуге Molymet вице-президенті Родриго Кебальос, Maritime House бас директоры Джеймс Пир және компания бас директорының кеңесшісі Диего Касали қатысты.

Кездесу барысында Қазақстанда молибден құрамындағы шикізатты өңдейтін кәсіпорындар ашу, сондай-ақ халықаралық стандарттарға сай экологиялық қауіпсіз заманауи технологияларды енгізу мүмкіндіктері талқыланды. Тараптар технологиялық әріптестікке, ноу-хау трансферіне және қазақстандық жоғары оқу орындары мен техникалық орталықтар базасында білікті кадрлар даярлауға қызығушылық білдірді.

Сонымен қатар, Қазақстанды молибден жеткізудің жаһандық тізбектеріне интеграциялау мәселелері сөз болды. Бұл – сирек кездесетін металдарға деген әлемдік сұраныстың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін маңызды бағыт.

Кездесу қорытындысы бойынша Molymet, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі және Qazaq Mining Company арасында Өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Құжат молибден құрамындағы шикізатты терең өңдеу және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту бойынша бірлескен жобаларды пысықтауды көздейді.