Astana Mining & Metallurgy 15-ші халықаралық тау-кен металлургия конгресі аясында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне қарасты Геология комитеті ERG компаниясы цифрлық форматқа көшірген тарихи геологиялық есептердің электрондық каталогын мерзімсіз пайдалануға қабылдады.
Аталған электрондық каталог 1934 жылдан басталатын Қостанай және Ақтөбе облыстарын қамтитын 898 есептен тұрады. Бұл есептер цифрландырылып, ыңғайлы іздеу жүйесімен және географиялық байланыспен толықтырылған, бұл олардың талдауын және практикалық қолданылуын айтарлықтай жеңілдетеді. Каталог құрамында векторлық геологиялық карталар бар, бұл мәліметтерді заманауи геоақпараттық жүйелерде пайдалануға мүмкіндік береді.
«Аталған архивті тапсыру — ERG компаниясының елдегі саланы цифрландыруға қосқан үлесі. Енді геологиялық мәліметтер мемлекетке, ғылымға және барлық мүдделі тараптарға қолжетімді. Бұл жобаны табысты әріптестіктің үлгісі деп бағалаймыз және болашақта да ынтымақтастыққа ашықпыз», – деді ҚР ӨҚМ Геология комитетінің төрағасы Ерлан Ақбаров.
Каталог геологиялық барлау жұмыстарының сапасын арттыру, жер қойнауын пайдалану саласында негізделген шешімдер қабылдау, білім беру мен ғылыми бастамаларды қолдау, сондай-ақ Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында қолданылады.