AMM 2025 халықаралық тау-кен металлургия Конгресі аясында өткен үкіметаралық кездесу барысында Еуропалық комиссияның өнеркәсіп саясаты жөніндегі директоры Жоаким Нуньес де Алмейда «Сарытоган» жобасының ЕО-ның стратегиялық жобалар тізіміне ресми түрде енгізілгенін жариялады.
Аталған мәртебенің берілуі Еуропалық комиссияның «Сарытоган» жобасына инвестициялар тарту үдерісін бастауын білдіреді. Бағалау нәтижелері бойынша, іске асыруға арналған жалпы капиталды шығындар 62–344 миллион АҚШ доллары аралығында болады деп есептелуде.
Сонымен қатар, Еуропалық комиссия қазақстандық кәсіпорынға еуропалық серіктестермен оффтейк-келісімшарттар жасасуда қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді. Бұл жобаның инвестициялық тартымдылығын арттырып, өткізу арналарының тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қабылданған шешімнің маңыздылығын ескере отырып, AMM 2025 аясында бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен ресми мәртебе тапсыру рәсімі өтті.
«Сарытоган» жобасы Еуропалық Одақ пен Қазақстан Республикасы арасындағы өнеркәсіптік ынтымақтастықты нығайтудың маңызды бөлігі ретінде, сондай-ақ ЕО-ның жасыл және цифрлық көшуді қамтамасыз етуге бағытталған жалпы стратегиясының бір бөлігі ретінде қарастырылады.