Astana Mining & Metallurgy Мерейтойлық 15-ші Халықаралық тау-кен металлургия Конгресі бағдарламасының маңызды оқиғаларының бірі – серіктес елдердің геологиялық қызметтері өкілдерінің қатысуымен өтетін жиын. Оған Финляндия, Қытай, Швеция, Моңғолия және Тәжікстанның геологиялық ведомстволарының өкілдері қатысуда.
Талқыланатын негізгі тақырыптар арасында жер қойнауын пайдаланудағы орнықты тәжірибелер, геологиялық барлауда цифрландыру мен инновациялар, сондай-ақ халықаралық бастамалар мен бірлескен жобалар болды.
Конгресс аясында ҚР ӨҚМ Геология комитетінің төрағасы Ерлан Ақбаров «Қазақстандағы геологиялық барлау: қазіргі жағдайы, сын-тегеуріндері мен шешімдері» атты сессияда баяндама жасады.
«Қазақстанның геологиялық саласын дамыту тұжырымдамасы аясында жер қойнауын мемлекеттік геологиялық барлаудың тиімділігін арттыру, оның ішінде жер қойнауын зерттеу тәсілдерін қарастыру бойынша іс-шаралар жүзеге асырылуда», – атап өтті Ерлан Ақбаров.
Геология комитетінің төрағасы жер қойнауын зерттеу кезінде жерді қашықтықтан зондтау, жұмыстарды егжей-тегжейлі сипаттай отырып, ауадағы геофизикалық және геохимиялық зерттеулер жүргізу жоспарлары туралы айтты.
«Техногендік минералдық түзілімдер мен қалдықтарды қайта өңдеу: ресурстарды тиімді басқарудағы үздік тәжірибелер» сессиясына ҚР ӨҚМ Геология комитеті төрағасының орынбасары Марғұлан Байбатыров қатысты.
15 жыл бойы AMM Конгресі Қазақстанның жаһандық шикізат жүйесіндегі сенімді әріптес ретіндегі ұстанымын нығайтуға ықпал ете отырып, мемлекет, бизнес және халықаралық инвесторлар арасындағы ашық диалог үшін платформа ретінде қызмет етеді.