АММ 2025: Қазақстан тау-кен металлургия саласындағы халықаралық диалогтың орталығына айналуда

АММ 2025: Қазақстан тау-кен металлургия саласындағы халықаралық диалогтың орталығына айналуда

Астанада Astana Mining & Metallurgy атты 15-ші мерейтойлық Халықаралық тау-кен металлургия конгресі мен көрмесі басталды. Бұл – Қазақстан мен Еуразия аймағының тау-кен және металлургия саласындағы стратегиялық диалог үшін басты алаңы.

Конгресс аясында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан сөз сөйледі. Ол геологиялық барлауды белсенді дамыту қажеттігін атап өтті, бұл үшін мемлекет жер қойнауын пайдаланудың батыс австралиялық үлгісін енгізді.

«2018 жылдан бері геологиялық барлауға 420 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылды. Біз 2026 жылға дейін барлау жұмыстарын 1,9 млн шаршы шақырымнан 2,2 млн шаршы шақырымға дейін кеңейтуді жоспарлап отырмыз», – деді Иран Шархан.

Вице-министр геологиялық деректерді цифрландырудың және инвесторлар үшін ашықтық пен тең жағдайларды қамтамасыз ететін CRIRSCO халықаралық стандартын енгізудің маңыздылығын атап өтті.

Экспортты реттеу мәселесіне тоқталған Иран Шархан бұл тетік экспортты шектемей, керісінше, ішкі өндірістік қуаттарды тиімді пайдалануға бағытталғанын атап өтті. Мәселен, 2022 жылдан бері алюминий өңдеу көлемі 83%-ға, ал мыс – 33%-ға артқан.

АММ жыл сайын мемлекеттік органдардың өкілдерін, халықаралық сарапшыларды, инвесторлар мен саланың жетекші компанияларын біріктіріп, жер қойнауын пайдалану саласындағы өзекті мәселелерді, стратегиялық шешімдер мен жаңа технологиялық трендтерді талқылауға мүмкіндік береді. 20 мемлекеттен 1300 делегат қатысып, ал халықаралық көрме аясында Қазақстан, Германия, Канада, Кипр, Қытай, Ресей, АҚШ, Түркия, Франция, Швейцария, Швеция, Жапониядан 50 компания өз өнімдерін ұсынды.

Конгресстің негізгі тақырыптары әлемдік тау-кен металлургия өнеркәсібіне шолу, елішілік құндылық және салааралық кооперация, техногендік минералдық түзілімдер және қалдықтарды қайта өңдеу, алтын кені мен зергерлік өнеркәсіпті, көмір химиясы саласын дамыту, ТМК кәсіпорындарындағы өнеркәсіптік қауіпсіздік, аса маңызды шикізат материалдары саласындағы халықаралық ынтымақтастықты қамтиды.

Бұл күндерге жоспарланған негізгі оқиғалардың бірі қазақстандық және шетелдік компаниялар арасындағы ынтымақтастық туралы бірқатар меморандумдар мен келісімдерге қол қою болады.