Астана қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі базасында жас геологтарға арналған екінші оқу-тренинг семинары басталды.
Іс-шараға Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Қызылорда және Талдықорған қалаларындағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінен, сондай-ақ Астанадағы дарынды балаларға арналған «Зерде» мектебінен 60-тан астам оқушы қатысуда.
Алты күн бойы қатысушылар минералдардың жіктелуі мен ерекшеліктерін, соның ішінде саф элементтерін, сульфидтер мен карбонаттарды зерттеп, олардың сипаттамасын дайындайды. Бағдарлама бойынша геологиялық маршруттармен жүру, геологиялық карталар, геохронологиялық шкалалар, геологиялық қималарды құрастыру ережелері мен магниттік барлау әдістерін зерттеу бойынша сабақтар қарастырылған. Одан бөлек, қатысушылар үшін Назарбаев Университетінде арнайы зертханалық тур ұйымдастырылады.
Семинар аясында Қазақстан жас геологтар құрамасының 2025 жылғы 16-26 тамыз аралығында Бейжің қаласында (ҚХР) өтетін халықаралық IESO-2025 олимпиадасына дайындық жүргізілетін болады.
Семинардың ашылуында сөз сөйлеген Kazakhmys Barlau компаниясының атқарушы директоры Қадыржан Қауылдашев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың геология саласын дамытуға ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті. Геология – маңызды ғылым және әлем бойынша қажетті мамандықтар тізімінде екенін айтып, жас геологтарға семинарда сәттілік пен алдағы Қытайда өтетін халықаралық олимпиадада табыс тіледі.
Сабақтарды Л.Н. Гумилев ат. ЕҰУ-нің доценті, профессоры Мәрияш Аралбекова, Назарбаев Университетінің, А. Сағынов ат. Қарағанды техникалық университетінің оқытушылары, сондай-ақ Kazakhmys Barlau мен Qazaq Geophysics компанияларының мамандары өткізеді.