ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде діни радикализмнің алдын алу және азаматтық сананы қалыптастыру тақырыбында ақпараттық-ағартушылық семинар өтті. Іс-шара Министрлік жанындағы Әдеп жөніндегі уәкілдің жұмыс жоспарын іске асыру шеңберінде, Астана қаласы әкімдігінің Дін істері басқармасының және «Қамқор Астана» қоғамдық қорының қолдауымен ұйымдастырылды.
Семинарда қордың теологы Арман Нұрахметұлы дәріс оқыды. Ол діни саладағы мемлекеттік саясаттың негізгі аспектілерін айқындады, зайырлы мемлекет қағидаттарын кеңінен ашып көрсетті — яғни, мемлекет пен діннің бөлінуі қағидатына сүйене отырып, әрбір азаматтың ар-ождан және діни сенім бостандығына құрметпен қарау қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ, баяндамашы деструктивті діни ағымдардың қазіргі қоғамдағы қауіптері туралы кеңінен тоқталып, олардың сыртқы және идеологиялық белгілеріне, әлеуметтік желілер, көше үгіт-насихаты мен бейресми арналар арқылы тарту механизмдеріне мысалдар келтірді. Еліміздегі діни қызметті реттейтін заңнамалық нормалар, соның ішінде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 490-бабының ережелері кеңінен түсіндірілді.
Семинар барысында экстремизмнің алдын алу, әсіресе жастар арасында діни сауаттылықты арттыру және ханафи мазхабы мен матуриди сенім мектебіне негізделген ұлттық рухани дәстүрлерді сақтау мәселелері көтерілді.
Семинар қатысушылардың белсенді сұрақ-жауап сессиясымен аяқталды. Қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарға жан-жақты жауап алып, мазмұнды әрі уақытылы ұйымдастырылған іс-шара үшін ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.