Еліміз бойынша 18 арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді, оның ішінде 2025-2026 жылдары құрылған төрт жаңа алаң бар. Бизнес үшін жасалған қолайлы жағдайлар, инженерлік инфрақұрылым және мемлекеттік қолдау шаралары ауқымды жобаларды жүзеге асыруға және бәсекеге қабілетті отандық өнім өндіруге мүмкіндік берді.
Мемлекет бизнеске өндірістерді іске қосуды жеделдетуге, заманауи технологияларды енгізуге және экспорттық жеткізілімдерді кеңейтуге көмектесіп келеді. АЭА аумақтарында барлығы 561 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 11,5 трлн теңгені құрады, 38 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. 15,9 трлн теңгенің өнімі өндірілді, оның 1,1 трлн теңгесі экспортқа тиесілі.
Елдің экспорттық әлеуетін нығайтуға ықпал ететін ірі жобалар қатарында мыналар бар:
«Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС – Атырау облысындағы «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» АЭА аумағында іске қосылған еліміздегі алғашқы газ-химия кешені. Кешеннің еліміздің мұнай-газ химиясы кластерін қалыптастырудағы маңыз зор. KPI жобалық қуаты жылына 500 мың тонна полипропилен өндіруге мүмкіндік береді. Бұл ішкі нарықты қамтамасыз етіп, республиканың экспорттық әлеуетін едәуір арттырады. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында 366,2 млрд теңгенің өнімі өндірілді.
«Тау-Кен Алтын» ЖШС – «Астана – жаңа қала» АЭА аумағындағы қауқары жылына 25 тонна тазартылған алтын және 50 тонна күміс өндіруге жететін негізгі жобалардың бірі. Жобаны іске асыру Қазақстан ішінде бағалы металдарды өңдеудің толық циклін қамтамасыз етуге және металлургия саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жол ашты. Бүгінгі таңда зауытта 8,8 трлн-нан астам теңгенің өнімі өндірілді.
«СМИТ Орталық Азия» ЖШС – «Сарыарқа» АЭА аумағындағы жетекші кәсіпорындардың бірі. Онда халықаралық сапа талаптарына сәйкес келетін жылу оқшаулағыш құбыр жүйелері: мұнай-газ, коммуналдық және энергетика салаларына арналған құбырлар мен фитингтер өндіріледі. Кәсіпорынның қауқары жылына 30 мың тонна өнім өндіруге жетеді. Өндірілген өнім көлемі 33,64 млрд теңгені құрады.
«Түркістан тоқыма» ЖШС (Lihua Group) – Түркістан облысындағы «Turan» АЭА аумағында мақта-тоқыма кешенін дамытып келеді. 2025 жылғы желтоқсанда өндірістің бірінші кезеңі іске қосылып, 430 жұмыс орны құрылды. Кешен толық қуатына шыққаннан кейін жыл сайын 11,4 мың тонна иірілген жіп, 47,3 млн шаршы метр мата, 2 млн төсек-орын жиынтығы және 4 млн көрпе өндіру жоспарланып отыр. Өндірісті дамыту отандық мақтаны дайын тоқыма өніміне дейін өңдеуге және экспорттық жеткізілімдерді кеңейтуге мүмкіндік ашады.
Жамбыл облысындағы «Jibek Joly» АЭА аумағында жүгеріні терең өңдейтін «Shengtai Biotech» ЖШС (Fufeng Group) зауытының бірінші кезеңі іске қосылды. Бірінші кезеңнің қуаты жылына 500 мың тонна жүгері өңдеуге жетеді. Жоба аясында крахмал, аминқышқылдарын және жемшөп қоспаларын өндіру көзделген. Кешенді дамыту ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеуді арттыруға және қосылған құны жоғары өнімдерді шетелдік нарықтарға жеткізу ісін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жобаның барлық кезеңі жүзеге асырылса, шамамен 1,5 мың тұрақты жұмыс орны құрылады деп жоспарланып отыр.
Осылайша, арнайы экономикалық аймақтар ірі өнеркәсіптік жобаларды жүзеге асыруға және Қазақстан экономикасын дамытуға кең мүмкіндіктер ашады. АЭА мен индустриялық аймақтардың қызметін QazIndustry үйлестіреді.
Премьер-министр Балқаш қаласындағы қала құраушы кәсіпорындардың жұмысы, тау-кен металлургиясы және мыс балқыту кешендерін жаңғырту барысы, жаңа өнеркәсіп нысандарын іске қосу жоспарымен және геологиялық барлау жобаларының нәтижелерімен танысты.
Қарағанды облысы өнеркәсіптік дамудың оң үрдісін сақтап отыр, бұл ретте өңдеуші секторға басымдық берілуде. 2026 жылғы қаңтар-тамыз айларында өнеркәсіптік өндіріс көлемі 3,7 трлн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,7%-ға артты. Облыс өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі бойынша Қазақстанда екінші орында тұр.
Қаратас мыс кен орнында Премьер-министрге «Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясы» АҚ-ның геологиялық барлау жұмыстарының барысы және жер қойнауын зерттеуде қолданылатын заманауи технологиялар таныстырылды.
Орталық Қазақстандағы Қаратас мыс кенді учаскесінде Премьер-министрге «Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясы» АҚ геологиялық барлау жұмыстарының барысы мен жер қойнауын зерттеуде қолданылатын заманауи технологияларды таныстырды.
«Қазгеология» АҚ еліміздің жеті облысында жалпы аумағы 55 мың шаршы шақырым болатын учаскелерде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оның аясында бұрғылау, жерүсті және аэрогеофизикалық зерттеулер жүргізілуде. 1:50 000 масштабында жалпы аумағы 100 мың шаршы шақырымды құрайтын 20 негізгі учаскеде жоғары дәлдіктегі зерттеу жұмыстары басталды.
Үкімет отырысында берілген тапсырмаға сәйкес, геологиялық барлау жобаларын жүзеге асыру тәсілі айқындалды. Қазіргі таңда «Тау-Кен Самұрық» лицензиялар алып, геологиялық барлау жұмыстарын жүргізеді, расталған қорларды мемлекеттік балансқа қояды. Жоба белгілі бір дайындық деңгейіне жеткен кезде шетелдік инвесторлар тартады. Мұндай тәсіл жобалардың құнын арттыруға және мемлекет үшін неғұрлым тиімді шарттарға қол жеткізуге мүмкіндік береді.
«Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Нариман Абсаметовтің айтуынша, өткен жылы компания үш лицензия алып, алтын, мыс және жерде сирек кездесетін металдар кен орындарында геологиялық барлау жұмыстарын бастаған.
Қазірдің өзінде 8 тоннадан астам алтын және 150 мың тонна мыс қоры расталды. Атап айтқанда, «Қаратас» жобасы бойынша мыстың орташа мөлшері 0,35%-дан 0,46%-ға дейін өсті. Қазіргі уақытта технологиялық сынама алу жүргізілуде, одан кейін гидрогеологиялық және геотехникалық зерттеулер жүргізіледі. Сондай-ақ еңбек өнімділігін арттырып, құжат жұмыстары мерзімдерін қысқартуға мүмкіндік беретін жасанды интеллектіні қолдану арқылы геологиялық керндерді талдаудың алғашқы нәтижелері таныстырылды. Қазіргі уақытта жүйе Жосабай кен орнында жұмыс істеуге бейімделген. Дәлдік 80%-ды құрайды, жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 95%-ға дейін жеткізу жоспарлануда.
Сапар қорытындысы бойынша Премьер-министр геологиялық саланы қолдау шараларының айтарлықтай күшейтілгенін атап өтті: тек мемлекеттік қаржыландыру көлемінің өзі 10 есеге ұлғайып, алдағы үш жылда шамамен $500 млн-ды құрайтын болады. Мемлекеттік органдар мен ұйымдарға аса маңызды минералдардың қорларын ұлғайту бойынша әлеуеті жоғары учаскелерге ерекше көңіл бөлу, геологиялық деректерді цифрландыру, инвесторларды тарту жөніндегі жұмысты жандандыру және жер, инфрақұрылым мен басқа да ұйымдастыру мәселелерін жедел шешуді қамтамасыз ету тапсырылды. Премьер-министр «Тау-Кен Самұрық» компаниясына «Қаратас», «Жосабай» жобаларының және басқа да келешегі зор учаскелердің оң тәжірибесін кеңейтуді, сондай-ақ геологиялық барлау жұмыстарынан қорларды мемлекеттік балансқа қоюды және одан әрі өнеркәсіптік игеруге уақтылы көшуді қамтамасыз етуді тапсырды.
Олжас Бектенов «Kazakhmys Smelting» ЖШС Балқаш мыс қорыту зауытының жұмысымен және Балқашта жаңа мыс қорыту зауытын салу жөніндегі инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарларымен танысты.
«Қазақмыс» ЖШС басқарма төрағасы Руслан Өскенәлi кәсіпорынның өндірістік қызметі, жаңғырту бағдарламасы және даму жоспарлары туралы баяндады. 1938 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан металлургиялық кешен Қазақстандағы барлық катодты мыс өндірісінің шамамен 51%-ын қамтамасыз етеді. Балқаш мыс қорыту зауытының жобалық қуаты жылына 220 мың тонна катодты мыс, 1,1 млн тонна күкірт қышқылын, 10 тонна алтын және 400 тонна күмісті құрайды.
Биыл «Қазақмыс» жалпы құны 21,8 млрд теңге болатын зауытты жаңғырту бойынша ауқымды бағдарламаны жүзеге асыруда. Бағдарлама аясында металлургиялық жабдықтарға күрделі жөндеу жүргізу, өндірістік инфрақұрылымды жаңарту және технологиялық процестердің сенімділігін арттыру көзделген. «Kazakhmys Smelting» ЖШС бас директоры Жәнібек Байғабеловтың айтуынша, қазіргі уақытта құны 5 млрд теңгеден асатын №1 Ванюков пешіне күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. 2027 жылға құны 5,4 млрд теңгеден асатын №2 Ванюков пешін жөндеу жоспарланған. Сонымен қатар анод пештері, конвертерлер, күкірт қышқылы цехының жабдықтары мен өндірістік инфрақұрылым жаңартылуда.
Премьер-министрге Балқашта жаңа мыс қорыту зауытының жобасы таныстырылды. Жоба Қазақстанда мыс өндіру көлемін жылына 800 мың тоннадан астамға арттыруға мүмкіндік береді. Бұл Мемлекет басшысының терең өңдеуді дамыту және қосылған құны жоғары өнім өндірісін ұлғайту жөніндегі тапсырмаларына сәйкес келеді.
Жоба Үкімет мақұлдаған инвестициялар туралы келісім аясында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен «Qazaq Smelter» ЖШС арасында жүзеге асырылуда. Жеке инвестициялар көлемі – 750 млрд теңге. Жобалық қуаты жылына 300 мың тонна катодты мыс, 10 тонна алтын және 1,5 млн тонна күкірт қышқылын өндіруге мүмкіндік береді. Құрылысты 2027 жылы бастап, зауытты 2030 жылы іске қосу жоспарланған. Жоба 1,2 мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын ашуды көздейді. Кәсіпорын іске қосылған кезде қызметкерлердің 90%-ы қазақстандық мамандарды құрайтын болады, кейіннен одан әрі арттырылады.
Ұсынылған ақпаратқа сәйкес, жоба заманауи балқыту агрегаттары, жаңа электролиз және бағалы металдар өндірісі цехтары, сондай-ақ шлактарды өңдеуге арналған жеке учаскесі бар жаңа буын зауытын салуды көздейді. Технология 98%-ға дейін мыс алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Балқаш мыс қорыту зауытымен салыстырғанда шығарындылар көлемін жылына 60 мың тоннадан 5 мың тоннаға дейін айтарлықтай азайту қамтамасыз етіледі.
Премьер-министр мемлекеттік органдарға жаңа мыс қорыту зауытын белгіленген мерзімде пайдалануға беруді қамтамасыз ету үшін қажетті қолдау көрсетуді тапсырды.
Сонымен қатар «SGS Kazakhstan Ltd» ЖШС халықаралық талдау зертханасының геологиялық және технологиялық сынамаларды зерттеудің толық циклін жүргізу мүмкіндіктері көрсетілді. Зертхананың қуатын жылына 350 мың сынамаға дейін ұлғайту жоспарлануда. Бұл өңірдің жоғары дәлдіктегі химиялық талдауға деген қажеттілігін толық өтеуге мүмкіндік береді. Балқаштағы SGS зертханасының қызметі талдаудың халықаралық стандарттарын енгізуге ықпал етеді, минералдық шикізат пен дайын өнім сапасын бақылаудың сенімділігін арттырады.
Дереккөз: Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің ресми ақпараттық ресурсы
2026 жылғы 7 қазанда Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде Әдеп жөніндегі уәкілеттінің жұмыс жоспары шеңберінде Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Көлік министрлігінің мемлекеттік қызметшілеріне арналған бірлескен семинар өткізілді.
Семинар барысында екі өзекті бағыт қарастырылды:
Спикер ретінде Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқық қорғау органдары академиясы кафедрасының доценті, әділет кеңесшісі Нұрғали Берікұлы Рахимов сөз сөйледі.
Бірінші тақырып шеңберінде қатысушыларға «Заң мен тәртіп» идеологиясының мазмұны мен тұжырымдамалық негіздері, оның заңдылық, әділдік және заң мен сот алдында теңдік қағидаттарымен байланысы түсіндірілді. Заңға бағынатын мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру, құқықтық сауаттылықты арттыру, сондай-ақ мемлекеттік органдардың ашықтықты қамтамасыз етудегі және азаматтардың сенімін нығайтудағы рөліне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілету барысында туындайтын негізгі мәселелер, оның ішінде жекелеген іс-шаралардың формалды және бір реттік сипатта өткізілуі, бірлесіп орындаушылардың жеткіліксіз белсенділігі, іс-шараларды іске асырудың нақты алгоритмінің болмауы, сондай-ақ басшылардың жеке қатысуын арттыру қажеттілігі қарастырылды. Практикалық тәсілдер ретінде бір реттік ақпараттық науқандардан жүйелі жұмысқа көшу, құқықтық ағартудың заманауи нысандарын және азаматтардың әртүрлі санаттарымен түсінікті коммуникация тәсілдерін пайдалану қажеттігі атап өтілді.
Семинардың екінші бөлігі заңсыз материалдық сыйақы және пара үшін жауаптылық мәселелеріне арналды. Қатысушыларға заңсыз материалдық сыйақыны, сыйлықтарды, жеңілдіктер мен көрсетілетін қызметтерді беру және алу үшін жауаптылықты реттейтін заңнама нормалары түсіндірілді. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 676–678-баптарында көзделген тиісті әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін жауаптылық мәселелері қаралды.
Әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары мен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 366 және 367-баптарында көзделген қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатын әрекеттерді ажыратуға ерекше назар аударылды. Ажыратудың негізгі өлшемдері ретінде алдын ала уағдаластықтың болуы немесе болмауы, сыйақы беруге немесе алуға негіз болған әрекеттің (әрекетсіздіктің) сипаты, сондай-ақ құқықтық саралау үшін маңызы бар өзге де мән-жайлар қарастырылды.
Сонымен қатар қатысушыларға 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін заңнамада көзделген өзгерістер, оның ішінде параны талап еткені, сондай-ақ параны ұсынғаны және уәде еткені үшін қылмыстық жауаптылық белгіленетіні туралы ақпарат берілді.
Бірлескен оқыту іс-шараларын өткізу мемлекеттік қызметшілердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, заңдылық пен адалдық қағидаттарын нығайтуға, сондай-ақ мемлекеттік органдарда орнықты сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастық жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру барысы туралы баяндама жасады.
Министр Қазақстанның Еуропалық қайта құру және даму банкімен Ақтөбе, Қарағанды және Риддер қалаларында кәріздік-тазарту құрылыстарын (КТҚ) салу және реконструкциялау жобаларын іске асыру бағытындағы сындарлы ынтымақтастығын атап өтті.
Риддер қаласындағы тазарту құрылыстарын реконструкциялаудың экологиялық және әлеуметтік маңызы зор. Қазіргі таңда нысандардың тозу деңгейі жоғары. Бұл мәселені шешу үшін мемлекеттік кепілдікпен және жергілікті бюджеттен бірлесіп қаржыландыру шартымен ЕҚДБ қаржысын тарту жоспарлануда. Реконструкциядан кейін КТҚ-ның тәуліктік өнімділігі 19 мың м³ болады деп күтілуде.
«Аталған жобаны іске асыру ЕҚДБ-мен ұзақ мерзімді әріптестігіміздің тағы бір практикалық нәтижесі саналады, бұл коммуналдық инфрақұрылымның сапасын әрі өңірдегі экологиялық ахуалды жақсартуға ықпал етеді», — деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.
Өз кезегінде ЕҚДБ-ның Орталық Азия мен Моңғолия бойынша басқарушы директоры Хусейн Озхан банктің Қазақстан Республикасының су және коммуналдық инфрақұрылымын жаңғырту ісіне қатысуға ниетті екенін растады.
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясын іске асыру аясында геология, өнеркәсіп және құрылыс салаларын цифрлық трансформациялау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Аталған бағыттар бойынша 2028 жылға дейін қол жеткізілуі тиіс көрсеткіштер айқындалды. Атап айтқанда, геологиялық барлау жұмыстарына тартылатын жеке инвестиция көлемін 30%-ға арттыру көзделіп отыр. Өнеркәсіп саласында еңбек өнімділігінің жыл сайын 7%-ға өсуін қамтамасыз ету, роботтандыру ісін дамыту, кемінде 5 отандық интегратор және 3 құзырет орталығын құру жоспарлануда. Құрылыс саласындағы техникалық тұрғыда күрделі жаңа нысандардың 100%-ында BIM технологиясын қолдануға кезең-кезеңімен қол жеткізу қарастырылған.
«Геология саласын цифрландырудың негізгі кезеңі аяқталды. Геологиялық ақпарат цифрлық форматқа көшіріліп, көпшілікке қолжетімді етілді. Мемлекеттік қызметтер Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай порталы арқылы көрсетіледі.
Цифрлық аукцион тетігін енгізу және геологиялық деректердің қолжетімділігін арттыру аукциондардан түсетін кірістің 7 есе өсуін қамтамасыз етті. Келесі міндет – геологиялық деректерді талдау және перспективалы учаскелерді анықтау үшін жасанды интеллектті қолдану», — деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.
Өнеркәсіп саласында цифрландырудың негізгі нәтижесі – еңбек өнімділігінің артуы. Мұндағы негізгі құралдардың бірі – цифрлық сыңарлар. Оларды енгізудің нақты нәтижесі қазірдің өзінде байыту фабрикаларының мысалынан көрініп отыр.
Кен құрамындағы пайдалы компоненттер мөлшерінің төмендеуінен туындайтын мәселені шешу үшін датчиктер мен компьютерлік көру технологияларын пайдалана отырып, технологиялық үдеріске цифрлық сыңарлар енгізілуде. Мәселен, осы ретте KAZ Minerals мысты алу көрсеткішін 2%-ға арттыруға және фабриканың өнімділігін 7%-ға өсіруге қол жеткізді.
Министр 2028 жылға қарай цифрлық сыңарларды ірі кәсіпорындардың кемінде 60%-ына енгізу жоспарланып отырғанын жеткізді.
Осындай тәсіл автомобиль өнеркәсібінде де қолданылуда. Жасанды интеллект логистикадан бастап сапаны бақылауға дейінгі бүкіл өндірістік тізбекте пайдаланылады. Нақты нәтиже – ақаулар санының 39%-ға азаюы, өндірістік желідегі штаттан тыс жағдайлардың 8 секунд ішінде анықталуы. Сонымен қатар өндірістік желіні қайта баптау үшін үдерісті тоқтатпай-ақ бірнеше бренд пен модельді шығаруға болады. Осылайша, сала жекелеген операцияларды автоматтандырудан интеллектуалды өндіріске көшуде
Жинақталған құзыреттерді экспорттық өнімге айналдыру маңызды. Мысал ретінде Тбилисидегі Lactalis тобына кіретін кәсіпорынды роботтандыру жобасын іске асырып жатқан қазақстандық Vexor компаниясы келтірілді. Компания өз инжинирингі, конвейерлік жүйелері, бағдарламалық жасақтамасы, машиналық көру технологиялары және монтаждау жұмыстары негізінде кешенді шешімдер экспорттайды. Оларды қолданысқа енгізу өндіріс көлемін 30%-ға арттырып, жоспардан тыс тоқтап қалуды 95%-ға азайтуға мүмкіндік берді. Келесі қадам – осындай шешімдерді кеңінен қолдану және отандық инженерлік қызметтердің экспортын дамыту.
Осындай жобаларды кең ауқымда іске асыру үшін Қазақстанда құзыреттер инфрақұрылымы қалыптастырылуда. Қазірдің өзінде өнеркәсіптік роботтарды сынақтан өткізу базасы бар және автомобиль өнеркәсібімен бірлесе нақты жұмыстар жүргізетін Farabi Robotics орталығы құрылды. Astana Hub-та зерттеу жүргізуге және мамандар даярлауға арналған жеке робототехника алаңы іске қосылды. Келесі кезеңде өнеркәсіптік сынақтан өткізу, оқыту және инжиниринг бағыттарын біріктіретін IFTC технологиялық полигонын құру жоспарланып отыр. 2028 жылға дейінгі мақсат – кемінде 3 құзыреттер орталығын және кемінде 5 отандық интеграторды қалыптастыру
Салада нысан құрылысының басталуынан аяқталуына дейінгі аралықтағы негізгі кезеңдерді қамтитын бірыңғай цифрлық жүйе қалыптастырылды. Келесі қадам – Ғимараттарды ақпараттық модельдеу (Building Information Model (BIM) жүйесіне көшу. Биылғы 1 тамыздан бастап бірқатар нысанда, оның ішінде ірі мектептерде, әуежайларда, тоннельдерде, көпірлерде және бірегей ғимараттарда BIM жүйесін қолдану міндеттеледі. 2028 жылға қарай жаңадан салынатын техникалық тұрғыда күрделі нысандарда BIM қолдану көрсеткіші 100%-ға жетеді.
«Тағы бір практикалық бағыт – мемлекеттік сараптама ісінде ЖИ қолдану. Қазірдің өзінде ЖИ жобалық құжаттаманың түгел болуын тексеру үшін пайдаланылуда. Мұндай тексеруден 864 жоба өтті, автоматтандырылған тексеру орта есеппен 6 минут алады, ал құжаттардың жалпы толықтығын тексеру мерзімі 5 жұмыс күнінен 2 жұмыс күніне дейін қысқарды. Осы жылдың соңына дейін ЖИ-дің тағы үш модулін әзірлеу аяқталады. Олар құжаттаманы, сызбаларды, инженерлік желілерді және сметаларды автоматты түрде тексеруге мүмкіндік береді. Нәтижесінде мемлекеттік сараптаманың барлық негізгі үдерісіне ЖИ енгізуді жоспарлап отырмыз», — деді министр.
Қорытындылай келе, Ерсайын Нағаспаев министрлік тиісті бағыттар бойынша цифрлық технологияларды енгізу арқылы еңбек өнімділігі мен инвестициялық тартымдылықты арттыруға баса назар аудара отырып, жұмысты жүйелі түрде жалғастыра беретінін атап өтті.
2026 жылғы 1 қазанда Баку қаласында Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше мемлекеттердің қорғаныс ведомстволары басшыларының екінші кездесуі өтті. Оған Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Р. Исақұлов қатысты.
Кездесу барысында ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің қорғаныс өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастығын дамыту перспективалары, оның ішінде өндірістік кооперация, бірлескен жобаларды іске асыру, тәжірибе және технологиялар алмасу мәселелері талқыланды.
2026 жылғы 24 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде «Заң мен тәртіп аясындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет» тақырыбында семинар өтті. Іс-шара Әдеп жөніндегі уәкілдің жұмыс жоспары аясында ұйымдастырылды.
Семинарда Ибрагимов Жамаладен Ибраһимұлы — заң ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Конституциялық және азаматтық құқық кафедрасының профессоры дәріс оқыды.
Семинар барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, сыбайлас жемқорлық пен сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының құқықтық табиғаты, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алудағы «Заң мен тәртіп» қағидатының маңызы қарастырылды.
Лектор Қазақстан аумағында сыбайлас жемқорлықтың пайда болуы мен дамуының тарихи аспектілеріне, «сыбайлас жемқорлық» ұғымының мазмұны мен құқықтық мәнін түсіндіруге ерекше назар аударды. Баяндама барысында әртүрлі тарихи кезеңдердегі сыбайлас жемқорлық құбылыстарын түсінуге қатысты жекелеген тарихи деректер мен тәсілдер ұсынылды.
Семинардың жеке бөлімі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың халықаралық тәжірибесіне арналды. Эстония, Сингапур, Финляндия, Дания және басқа да мемлекеттердің сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған төзбеушілікті қалыптастыру саласындағы тәжірибесі мен тәсілдері қарастырылды.
Құқықтық блок шеңберінде қатысушыларға сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін әкімшілік және қылмыстық жауаптылықтың ерекшеліктері түсіндірілді. Атап айтқанда, заңнамада көзделген жауаптылық түрлері, әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының құрамдары, сондай-ақ айыппұл, бас бостандығынан айыру, мүлікті тәркілеу және белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыруды қоса алғанда, қылмыстық жазаның негізгі түрлері қарастырылды.
Мұндай іс-шараларды өткізу мемлекеттік қызметшілердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті нығайтуға және мемлекеттік қызметте сыбайлас жемқорлық көріністеріне тұрақты түрде төзбеушілік қағидатын қалыптастыруға бағытталған.
Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Орал қаласындағы үлестік құрылыстың проблемалық нысандарына аралау жүргізілді. Аралау жұмыстарына қала құрылысы және тұрғын үй-коммуналдық саясаты департаментінің директоры Руслан Лепесов, жергілікті атқарушы органдардың және бейінді ұйымдардың өкілдері қатысты.
Аралау барысында С. Камалов, Тәуелсіздік және А. Черекаев көшелерінде орналасқан тұрғын үйлер қаралды. Нысандардың қазіргі жай-күйі, құрылыс жұмыстарының барысы, сондай-ақ азаматтардың құқықтарын қорғау және әр нысан бойынша жағдайды одан әрі реттеуге қатысты мәселелер талқыланды.
С. Камалов және Тәуелсіздік көшелеріндегі нысандар бойынша қажетті рәсімдерді аяқтау және үлескерлердің қатысуымен жағдайды одан әрі шешу мәселелеріне баса назар аударылды.
А. Черекаев көшесіндегі тұрғын үйге қатысты жағдай да жеке қаралды. Нысан құрылыстың бастапқы кезеңінде тұр. Қазіргі уақытта құрылысты аяқтаудың одан арғы тетігін айқындау үшін қажетті құқықтық және қаржылық мәселелер пысықталуда.
Аралау қорытындысы бойынша Р. Лепесов әрбір проблемалық нысан бойынша оның құқықтық мәртебесі мен қазіргі жағдайын ескере отырып, жүйелі жұмысты жалғастыру қажеттігін атап өтті. Негізгі басымдық — үлескерлердің құқықтарын қорғау және нысандар бойынша мәселелерді одан әрі реттеу үшін қажетті шараларды қабылдау.
Өңір тұрғындарымен кездесуде вице-министр атап өткендей, үлестік құрылысқа қатысушы азаматтардың құқықтарын қорғау маңызды бағыттардың бірі болып қала береді. Елде нарықтың ашықтығын арттыруға және үлескерлердің қаражатын заңсыз тартуға жол бермеуге бағытталған шаралар іске асырылуда. Тұрғын үй порталы eGov Mobile және банктердің мобильді қосымшаларымен интеграцияланған. Сондай-ақ азаматтар ақпарат пен консультация ала алатын үлескерлерді қолдаудың iBOTA онлайн-орталығы жұмыс істейді.
Орал қаласында Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Кажкеновтың Батыс Қазақстан облысының тұрғындарымен кездесуі өтті. Кездесу барысында тұрғын үй құрылысы, тұрғын үй қорын жаңарту, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, сондай-ақ құрылыс саласындағы өзгерістер талқыланды. Вице-министр азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсартуына қолжетімді мүмкіндіктер ұсыну мемлекет үшін негізгі әлеуметтік басымдықтардың бірі болып қала беретінін атап өтті.
2025 жылдың қорытындысы бойынша облыста 642,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 2026 жылы өңірге 645 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру міндеті қойылды. Бұл шамамен 5,3 мың отбасының тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Ағымдағы жылдың сегіз айында 332,9 мың шаршы метр немесе 2 687 пәтер пайдалануға берілді. Мемлекеттік қолдау аясында 543 жалға берілетін және 529 кредиттік тұрғын үй сатып алынды. 465 азамат 2% және 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген ипотекалық қарыз алды, тағы 326 қарыз «Наурыз» және «Наурыз-Жұмыскер» бағдарламалары бойынша берілді.
Тұрғын үй қорын жаңартуға да ерекше назар аударылды. Облыста 2 533 көппәтерлі тұрғын үй бар, оның 334-і авариялық және тозығы жеткен үйлер санатына жатады, ал 1 581 үйде күрделі жөндеу жүргізу қажет. Орал қаласында 1 815 көппәтерлі тұрғын үй орналасқан, оның ішінде 61 авариялық және 216 тозығы жеткен үй бар. 2029 жылға дейін 20 авариялық үйді бұзу жоспарланған. Тозығы жеткен және авариялық тұрғын үйді жаңарту үшін реновация тетігі де қолданылады. Ол меншік иесіне ауданы бойынша тең жаңа тұрғын үй беруді немесе тұрғын үйдің нарықтық құны бойынша өтемақы алуды көздейді.
Кездесу барысында коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту мәселелері де қаралды. 2025 жылы Батыс Қазақстан облысында 146,2 км сумен жабдықтау желісі реконструкцияланды. Коммуналдық инфрақұрылымды одан әрі жаңарту «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жалғасады. Сонымен қатар Орал қаласының кәріздік тазарту құрылыстарының жай-күйі талқыланды. Нысанның тозу деңгейі 88%-дан асады. Қазіргі уақытта облыс әкімдігі тарапынан нысанды реконструкциялау бойынша жұмыстар жүргізілуде, мемлекеттік сараптаманың қорытындысын 2026 жылдың IV тоқсанында алу жоспарланған.
Сондай-ақ вице-министр жаңа Құрылыс кодексін іске асыру барысы туралы айтып берді. Жаңа тәсілдер құрылыстың сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға, қала құрылысы жоспарлауын жетілдіруге, цифрлық шешімдер мен заманауи технологияларды енгізуге, сондай-ақ құрылыс саласындағы процестердің ашықтығын арттыруға бағытталған.
Кездесу соңында Қуандық Кажкенов өңір тұрғындарының сұрақтарына жауап берді. Негізгі өтініштер тұрғын үй жағдайына, көппәтерлі үйлердің жай-күйіне және коммуналдық инфрақұрылымды дамытуға қатысты болды. Сонымен қатар азаматтарды жеке қабылдау өткізіліп, тұрғындарға тиісті түсініктемелер берілді.